Ит жүгіртіп, құс салған Алаш баласы бүгінде ата-бабадан еншілеп алған аңшылық дәстүрінен ажырап қалғандай. Cебебі қазіргі таңда қыл құйрықты Қамбар атаның түлігін ерттеп мініп, тазы итін ертіп, қолына қыран қондырған қайырымды аңшыны шырақ алып іздесең де таба алмайтын деңгейге жеттік. Есесіне, «заманауи аңшылар» қатары көбейіп келеді бұл күні.Жалпы, аңшылық дәстүрі адамзат баласы пайда болған сонау ғасырлар қойнауында-ақ пайда болғаны рас. Қазақ халқы сақтар мен ғұндар кезеңінен-ақ аң аулаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Мыңдаған жылдар бойы тұтас бір ұрпақтың кәсібі мен нәсібіне айналған ұлы бабалар мұрасының бүгінгі таңда жайы қалай? Ата салтымыздың нағыз қаймағы болып табылатын дала дәстүрінің қайнар көзі жойылып кетпей ме?
Аңшылық дәстүрін зерттеушілердің пікірінше, кейінгі кезде нағыз майталман, кәсіпқой аңшылар қатары сирей түскен. Яғни еліміздің қай қырындағы аңшылар мен бүркітшілерді алмасақ та, жас шамасы елу мен алпысты алқымдап қалған ағалар. Олардың тіпті, жетпістің желкесіне шықса да босағасында тазысы мен бүркіті, төрінде шиті мылтығы ілулі тұрады.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазір еліміз бойынша кәсіби құсбегілердің қатары 100-ге жетеді. Сондай-ақ Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ұлттық спорт мектебінің жанында құсбегілердің бөлімі ашылған. Мұндай бөлімше Қарағанды облысындағы «Саят» ұлттық спорт мектебінде де жұмыс істейді.
Бурыл сақалды қарттар жылдар бойы жинақталған мол тәжірибесі мен көрген-білгендерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге асық. Бірақ соны үйренгісі келген жастар қатары көп емес.
Базарбек АҚСАҚАЛ, бүркітші:
– Ата-бабаларымыздан бастап қанымызға сіңген бұл әдет яғни түзде тазы жүгіртіп, құс салуды әлі де тастаған емеспін. Маң далада осынау сұлу табиғаттың нағыз қызығына батып, аң аулаған кездегі құмарлығымды ешнәрсеге де айырбастай алмаймын. Алайда, менің бар қорқатыным, сан мыңдаған жылдар бойы бабамыздан қалған игі дәстүр бізден кейін мүлде ұмыт болып қалып қоя ма деген қаупім бар. Өйткені қазір осы көкше өлкесінде ескі дәстүрде аң аулайтын тек мен ғана.
Ескі дәстүр демекші, қазіргі кезде аңшылық жаңаша сипат алғанға ұқсайды. Өйткені қазіргілер аңды дәстүрлі атпен емес, қысы-жазы жол талғамайтын джиппен аулайтын болған. Және олардың қолдарында қосауыз емес, винтовка, автоматқа ауыстырған. Мұздай қаруланған бұл аңшылар тек терісі мен мүйізі бағалы аңдарды ғана аулайды. Яғни онсыз да Қызыл кітаптың бетін қалыңдатқан аңдардың санын одан сайын азайтуда.
Арқа төсінің еркесі саналатын еліктер де осы бір қырып-жоюдан азайып кеткен. Ақмола облысы ішкі істер Департаменті берген мәліметтерге қарағанда былтырғы жылы 4 ірі көлемдегі браконьерлік қылмыс тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында жеті мәрте заңсыз аң аулау фактісі орын алғаны белгілі болып отыр. Табиғатқа келтірілген шығын көлемі – 2 миллион теңге. Бір айта кетерлігі, ондаған еліктер мен борсықтарды, қабандар мен бөкендерді көліктеріне тиеген қандықол қылмыскерлердің көпшілігі ірі лауазым иелері, мемлекеттік қызметкерлер болып шыққан. Заңның өзін белден басқан бұл «ағайлар» жазадан оңай құтылып кете береді екен.
Гүлнар ПИНЧУК, Ақмола облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:
– Аңшылық дәстүрінің қазіргі түрі табиғатымызға шынымен де қауіп төндіріп отырған жайы бар. Браконьерлердің қатары күн санап артып барады. Мүйізі мен еті үшін шалғай ауылдардың өзінде қорғансыз аңдардың орны толмастай болып жойылып жатқандығы осының айқын дәлелі. Заң арқылы қанша тыйым салсақ та, мәселенің шешімін табар күнге жете алар емеспіз.
Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының мәліметтеріне назар аударсақ, аңшылықтың «жаңа түрі» аңдарды мүлдем құртуда. Яғни соңғы он жылда Ақмола облысындағы Қызыл кітапқа енген аңдар саны 30 пайызға қысқарған. Кейбір ресми ақпарат көздері көлікті қойып, тікұшақпен аң аулайтын «заманауи» аңшылар заң органдарын да шылбырына ілестірмейтінін айтуда. Бұл «көкелердің» кімдер екені әрине жасырын түрде қала бермек.
Жыл сайын өткізілетін саятшылық пен бүркітшілердің сайысы ескі салтты қайта жаңғыртып ұлттық брэндіміздің қанатын кеңге жаюына сеп бола ала ма? Бұл орайда аңшылықтың, шын мәнінде, қазақтың төл өнері екендігін айтар кез жеткен сияқты. Әлемде жаһандану дәуірі жүріп тұрған бүгінгі таңда ұлтымызды өзге елдердің ұлықтауы үшін тек бабалардан қалған ұлы мұраларды – брэнд ету қажет. Ол үшін қайтпек керек? Ол үшін, бәлкім, тиісті заңдарды қайта қарап, аңшылықтың бүгінгісіндей емес, ескі дәстүрлерін қайта жолға қою керек шығар. Бәлкім, республикамыздың әр аймағында аңшылық дәстүрін оқытатын мектептер ашу керек шығар?
Қалай десек те, қанға біткен құмарлық бұл өнердің осы бір игі дәстүрі басқа бір мемлекеттің меншігіне айналып кетпесіне кім кепіл? Біз джипке отырып алып, аң аулап жүргенімізде салтымыздың патентін басқа ел қағып алып, жол ортада аузымызды ашып қалмасақ болғаны?!
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау, «Алаш айнасы».