Мемлекет бөлген әрбір теңгенің есебі мен сұрауы бар – Аида Балаева

3290
Adyrna.kz Telegram
Сурет: trtavaz.com
Сурет: trtavaz.com

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Аида Балаева киноиндустрияны одан әрі дамытуға және «Қазақфильмнің» тиімді әрі қаржылай тұрақты қызметін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі міндеттерге назар аударды.

Ел Президенті қол қойған заңға сәйкес, Қазақстанда түсірілетін фильмдерді қаржыландырудың кемінде 30%-ы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады.

«Мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді. Егер фильм түсіруге ниетті азаматтар өз жобасына белгілі бір пайыздық қаражат құятын болса, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, авторлармен бірлесе жұмыс істейді. Осылайша, екі тарап та мемлекеттік қаражатты қайтаруға мүдделі болады», – деп атап өтті Аида Балаева.

Соңғы бес жылда мемлекеттік қаржыландыру есебінен Қазақстанда 55 көркем фильм түсірілді, оның ішінде 2024 жылы 16 ұлттық фильм жарыққа шыққан. Ал биыл мемлекеттік қолдау аясында 14 жаңа туынды жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, өткен жылы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында 13 сериядан тұратын анимациялық фильмнің өндірісі аяқталды. 2025 жылы осындай тағы 10 жоба жүзеге асырылмақ.

Кәсіби мамандар мен көрермен тарапы отандық сериалдар сапасының артқанын атап өтуде. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал түсіріліп, көпшілікке ұсынылды. Олардың арасында лудомания, қаржы пирамидалары, интернет-алаяқтық және нашақорлықпен күрес туралы баяндайтын туындылар да бар.

«Сериал өндірушілер отандық аудиториямен ғана шектеліп қалмай, сериалдарды халықаралық деңгейге шығару, шет елдерге сату мәселелеріне де көңіл бөлген жөн», – деді министр.

Сондай-ақ, министр кинотеатрларда көпшілік наразылығын тудыратын фильмдерді сүзгіден өткізу мәселесін қозғады. Атап айтқанда, әдепсіз сөздер мен араздық туғызатын сюжеттері бар туындыларға қатысты пікірін білдірді.

Қазіргі уақытта министрлік қазақстандық және шетелдік фильмдерге прокаттау куәлігін беру бойынша қолданыстағы заңнаманы күшейту жұмыстарын жүргізуде.

Пікірлер