Мырзахметов жаңа жобаны Бесағаш тұрғындарына түсіндірді

2349

Жуырда Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов Үкіметке арнайы ұсыныспен шығып, ол қолдау тапқан болатын. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру бойынша қызу жұмыс басталды.

Жоба бойынша облыстың әр ауданынан бір-бір ауылдық округ таңдалған болатын. Онда аталмыш ауқымды жоба алғашқы кезең негізінде пилоттық режимде жүзеге аспақ. Осыған орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі аудандарға іс-сапарға шығып, аталмыш он ауылдық округтерге арнайы баруды бастады. Ондағы мақсат - тұрғындармен тікелей жүздесіп, атқарылар жобалардың барысын барлау.

Аймақ басшысы әуелі Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Еркін форматта өткен жиында ауылдықтар өздерінің көздеп отырған жоспарларымен бөлісті.

«Ашығын айту керек, бүгінде ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылық жерлерін ұтымды ұқсату ойдағыдай емес. Оны тиімді табыс көзіне айналдыру – тұрғындардың тікелей өзіне байланысты болып отыр. Ал, жоба аясында жергілікті халыққа қолдау мүмкіндігі ретінде 2,5 пайызбен несие берілмек», – деді облыс әкімі.

Кездесуде әкім осыны баса айтып, көкейдегі көп сауалдарға нақты жауаптар беріп, түйткілді жайттарды жан-жақты түсіндірді.

Бесағаш ауылдық округіне Бесағаш және Түрксіб елдімекендері қарайды. Онда барлығы 1 336 аула иелері және 10 көпқабатты тұрғын үйде тұратын 160 отбасы бар. Жалпы халық саны - 6 820 адам. Округтегі 1176 аулада жеке қосалқы шаруашылығы бар десек, Ондағы үй іргесіндегі жер көлемі 154,9 гектарды құрайды. Оның сумен қамтылғаны 771 аула (104,5 га), пайдаланбай жатқаны 405 аула (50,4 га).

Бүгінге дейін жобаның бірінші бағыты бойынша осы округтен 1176 аула өтінім беріп үлгерген. Ал, мал шаруашылығы бойынша 128 аула иелерінен тиімді несиеге деген сұраныс түскен. Басқа да қалған үш бағыт аясында да қызу жұмыстар жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласынан басқа, пилоттық округта жалпы шағын кәсіп бойынша 30 миллионнан астам теңгенің 14 жобасы ұсынылып отыр. Оның ішінде: шаштараз, монша, тігін цехы және тағы басқа да жобалар бар. Ал, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмысын жақсартуға барлығы пилоттық округ бойынша 131 жобаға сұраныс білдірілген.

Жиыннан соң ауыл тұрғындарының бау-бақшаларымен танысқан аймақ басшысы Бесағаш ауылы Бекеев көшесінде орналасқан Мурат Баянбаевтың жылыжайының жұмысын барлады. Аумағы 0,7 гектарды құрайтын жылыжайдан жылына екі рет өнім алынса, таза табысы 300 мың теңгеге айналуда. Асқар Исабекұлы жоба аясында жылыжайдың жұмысын жандандырып, өнім көлемін арттыру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, үй іргесіндегі жерін  тиімді игеріп отырған жылыжай иесін өзгелерге үлгі ретінде ұсынудын маңыздылығына тоқталды.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket