Алматыда экс-полицей мұнараға шығып, наразылық білдірді

1530
Adyrna.kz Telegram
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Алматы қаласында бұрынғы полиция қызметкері Дәрмен Шыныбеков әділдік іздеп, жоғары кернеулі электр бағанасына шығып, наразылық білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ол сегіз жылдан бері қандай бұйрық негізінде жұмыстан қуылғанын біле алмай жүргенін айтады. Подполковник бұл әрекетке басқа амалы қалмағандықтан барғанын түсіндірді.

Шыныбековтың айтуынша, ол қатардағы қызметкер емес, бөлім бастығының орынбасары лауазымында болған. Подполковник шеніне жеткен кезде қызмет тәртібін бұзды деген айыппен жұмыстан шығарылған. Сот шешімінде оның жол ережесін бұзғандарға айыппұл түбіртектерін бергені, ал ол айыппұлдардың жалпы сомасы 618 мың теңге бюджетке түспей қалғаны көрсетілген. Алайда, экс-полицей бұл жағдайға қатысы жоқ екенін, жалған түбіртектер туралы білмегенін алға тартады.

"Үш сот өтті. Үш соттың шешімінде менің кінәм туралы бір дәлел жоқ. Менде заңсыз жұмыстан қуылғанымды растайтын жазбаша құжат бар. Бірақ 8 жыл бойы әділеттілікке қол жеткізе алмай келемін. Не министрге, не Жоғарғы сотқа жолығу мүмкін болмады", – дейді ол.

Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасына сәйкес, Шыныбековтің полиция департаментіне қарсы талап-арызы қанағаттандырылмады. Сот оның қызметінен босатылуына №2 Алмалы аудандық сотының 2017 жылғы шешімі негіз болғанын және бұл шешімнің заңды күшіне енгенін анықтады.

Экс-полицей нақты қандай бұйрық негізінде жұмыстан шығарылғанын білгісі келеді. Ол бұл құжатқа қол жеткізу үшін сотқа шағымданған, бірақ өтініші қабылданбаған.

Дәрмен Шыныбеков қызметіне қайта оралуды және заңсыз жұмыстан шығарылғанын дәлелдеуді көздейді.

Пікірлер