Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы еліміздегі спорт саласына бөлінетін қаражаттың тиімсіз жұмсалуын сынға алды. Бұл туралы Мәжіліс депутатының ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтылды.
Соңғы алты жылда Қазақстан спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсаған. Ал алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Алайда бұл қаражаттың тиімділігі күмән тудырады: еліміздің әлемдік спорт рейтингіндегі орны 2014 жылғы 25-орыннан 2023 жылы 42-орынға төмендеген.
Депутаттың мәліметінше, кәсіби спортқа жұмсалатын қаражаттың 60%-ы Олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағытталып келеді. Мәжілісте қаралып жатқан «Спорт туралы» заң жобасында жоғары жетістіктер спортын Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия ойындары және ұлттық спорт түрлерімен шектеу ұсынылды. Бұл өзгеріс спорт түрлерінің санын үш есе қысқартып, қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
"Соңғы 6 жылда 49 млрд теңге алған «Барыс» хоккей клубы, 50 млрд теңге алған «Астана» футбол клубы сынды командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс. Осынша ақша алғанына қарамастан аталған командалардың өз инфрақұрылымдары жоқ, салмаған. Бір ғана «Астана» футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған" - деді ол.
Спорт саласындағы легионерлерді қаржыландырумәселесә де айтылды. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген, алайда олардың жартысынан көбі кейін өз елдеріне қайтып кеткен. Жаңа заң жобасында шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу ұсынылды.
Жаңа заң жобасында қаражатты бұқаралық спортқа бағыттауға ерекше мән берілген. Соңғы жылдары бұқаралық спортқа жұмсалған қаржы жоғары жетістіктер спортына қарағанда 9 есе аз болған.
«Спорт туралы» заңды халықтың мүддесі үшін қарап, түзетіп жатқан Мәжіліс пен Туризм және спорт министрлігіне ақпараттық шабуыл жасағандар «бұл заң бұқаралық спорт пен балалар спортын қаражатсыз қалдырады» деген ақпарат таратуға көшіпті. Бұл да жалған. Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 340 млрд теңге жұмсаса, бұқаралық спортқа 35 млрд теңге ғана жұмсаған, яки 9 есе аз. Сондықтан қазір Мәжілістегі спорт туралы заң жобасында бюджет қаражатының нақты қай бағытқа жұмсалатыны жазылған, сол нормада бұқаралық спорт бірінші боп тұр. Бұдан бөлек кей федерациялардың заң жобасы енді спорт түрлерін шектейді дегені де шындыққа жанаспайды. Себебі заң жобасында 1 федерацияда 1 спорт түрі ғана болады деп жазылды, бұл бір жүйені қалыптастыру үшін керек. Себебі кей федерациялардың құрамына 5-10 спорт түрі тіркеліп кеткен" - деді Нартай Аралбайұлы.
Депутаттық сауалға заңнамада көрсетілген мерзім ішінде жазбаша жауап күтетінін де атап өтті.