Ел егемендігі мен экономикасын нығайтудың негізгі кілті

1434
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың экономиканы және егемендікті нығайту туралы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын халық жақсы көңілмен қарсы алды.

Ең бастысы – Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тілі» газетін таңдағаны – қазақ тіліне көңіл бөлгендігін көрсетеді. Бұл жерде толық мәтінмен танысқан адамға Президенттің өз халқының алдында есеп берген баяндамасы ретінде көрінеді. Бұл өте орынды, өйткені әрбір мемлекетте басшылардың өз халқына жолдау жасап, есеп беруі маңызды. Мұндай есептерде барлық салалар талданып, өткен жылда атқарылған жұмыстар туралы мәлімет беріледі. Президенттің мұндай сұхбаттары халықаралық деңгейде кеңінен танылып, жақсы дәстүрге айналған. "Д.В.Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты" АҚ бас директоры, академик  Мұрат Жұрынов Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты туралы осындай пікір білдірді.

Былтыр табиғат апатына байланысты қарғын су алты облысымызды басып қалғаны белгілі. Бұл ел экономикасына едәуір қиындықтар әкелді. Дегенмен, Қазақстан халқының бірлігі, ұйымшылдығы және қайырымдылығы арқасында бұл сынақты еңсердік.

«Әсіресе, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей басшылығымен көптеген мәселелердің шешімін тапқаны белгілі. Қарғын судан кейін үйсіз-күйсіз қалған адамдарға көрсетілген көмек біздің елдің әлеуметтік мемлекет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстанда Кеңес заманы кезінде салынған инженерлік коммуникациялар, үлкен қалалардағы жолдар, әуежайлар, және станциялар тоза бастағаны белгілі. Олардың салынғанына 50-60 жылдан астам уақыт өтті. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, барлық посткеңестік мемлекеттерде қиындықтар туғызып отыр. Дегенмен, Қазақстан осы өзекті мәселелерді табысты шешіп келеді»,-деді Мұрат Жұрынов.

Ғалымның айтуынша, Тоқаевтың халықаралық жұмыстармен көп айналысатынының негізгі себебі – инвестиция тарту, бұл еліміз үшін аса маңызды мәселе.

«Президентіміз көптеген мемлекет басшыларымен тікелей достық қарым-қатынаста, бұл қарым-қатынастардың елімізге тигізетін пайдасы зор. Сондықтан кейбіреулердің «Президент сыртқы істермен тым көп айналысып, ішкі істерге жеткілікті уақыт бөлмейді» деген пікірлері негізсіз. Ішкі істерді басқару және реттеумен көбінесе Үкімет шұғылдануы тиіс. Президенттің негізгі рөлі – ішкі істерді Үкіметке сеніп тапсырып, оның жұмысына бақылау жасай отырып, сыртқы істерге назар аудару. Өйткені халықаралық деңгейде елдің бірінші басшысы ретінде Президенттің қатысуы аса маңызды. Премьер-Министр сыртқы жұмыстарға араласқанымен, ол мемлекеттің басшысы деңгейінде емес. Сондықтан халықаралық байланыстар мен келіссөздерде Президенттің өзі белсенді болуы қажет,-деді ҚР ҰҒА академигі.

Мұрат Жұрыновтың сөзінше, «Қазақстан орта держава» деген ұғым жиі айтылып, елдің халықаралық аренадағы беделін көрсетіп жүр. Бұл – Қазақстанның үлкен абыройы және дұрыс бағытта дамып келе жатқанының белгісі.

«Өткен жылғы қарғын су мәселесі елімізде көптеген мәселелердің шешілу қажеттігін айқын көрсетті. Бұл мәселе тек қарғын судан сақтану шараларын қарастырумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, сол кезде жиналған суды арнайы көлшіктерге жинақтап, жаз бойы тиімді пайдалану мәселесін де шешуді талап етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осыған үлкен мән беріп, барлық облыс басшыларына бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.  Қазақстанның шөлейт аймақтары көп болғандықтан, су тапшылығы ел үшін өзекті мәселе. Біздің өзен-суларымыздың көпшілігі шет мемлекеттерден бастау алады. Қазақстанда өз аумағынан бастау алатын өзендер өте аз. Мәселен, Іле, Ертіс. Басқа ірі өзендердің бастаулары Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көрші елдерде орналасқан. Іле өзенінің бастауы бізде болғанымен,  Қытай арқылы өтеді, сондықтан оның суының жартысын Қытай алып қалады.  Қазір Іле өзені Балқашқа жетер-жетпес халде.Бұл мәселені шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық жолмен Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдердің басшыларымен өзара сыйластық және ынтымақтастық негізінде келіссөздер жүргізді. Бұл – оның табысты дипломатиялық жұмысының нәтижесі екенін атап өту қажет»,-деді Мұрат Жұрынов.

Тоқаев БҰҰ басқара ма? Мемлекет басшысы өзі тараған сыбысқа жауап берді.

«БҰҰ туралы ашық айтыпты, ондай сөздер біздің елдің арасында, басқару жүйесінің, зиялы қауымның арасында шынымен көбейіп жатыр еді. Оған жақсы жауап берді. Әрине, БҰҰ басқару өте маңызды. Ол біздің Қазақстанға үлкен бедел берер еді. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев өз елін дамытуға үлкен күш-жігер жұмсауға көңіл бөлетінін айтты. Қазіргі қызметін тоқтатып, басқаға ауысуға жоспары жоқ екенін жеткізді. Бұл біздің елге тұрақтылық саясат береді. Жалпы алғанда, кез келген мемлекетте тұрақтылық ұғымы басшылық жүйесінің, мемлекеттік басқарудың және азаматтық басқарудың орнықтылығымен байланысты. Осы тұрғыда, Қасым-Жомарт Кемелұлының өз халқына, тіліне, дініне және қазақтың дәстүріне айрықша көңіл бөліп отырғаны халықтың көз алдында оның беделін жыл сайын арттырып келе жатқаны сөзсіз. Сонымен қатар, коррупцияға қарсы күреске аянбай еңбек ету, заң мен тәртіпті қатаң енгізіп, қадағалау бұл бағыттағы оң нәтижелерге жетуге, яғни жемқорлықты жеңуге үлкен үлес қосады»,-деді Мұрат Жұрынов.

Академиктің айтуынша, Тоқаев кәсіпкерлерді біріктіріп, «Қазақстан халқына» атты қор құрып, ел экономикасын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап жатыр.

«Президент кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, оларды өз халқына қызмет етуге бағыттау мақсатын көздейді. Себебі кәсіпкерлер – өз елімізде тәрбие мен білім алған, қоғамға қажет азаматтар. Олардың білімі мен дағдыларына мемлекеттің қаржысы жұмсалғандықтан, олардың шет елдерге кетуіне жол бермеу маңызды. Шағын және орта бизнес ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты және кедейлікті жоюға ықпал етеді. Президентіміз осы мәселелерге ерекше назар аударып келеді,-деді Д.В.Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институтының бас директоры.

Әділетті Қазақстанды орнату үшін заң керек, заңды орындайтын тәртіп керек. Бұлтуралы Президент сұхбатта баса айтты.

«Заң жобалары депутаттардың талқылауына өтеді. Сондықтан заң әділ және әділетті формада қабылданады. Ал оны орындамайтындар әділетсіздік туғызады. Осы әділетсіздіктен сақ болу қажет. Бұл жерде кадр мәселесі алдыңғы орынға шығады. Мемлекетте барлық кезеңде кадр мәселесі өте маңызды болған. Барлық мәселені кадр шешеді. Қай мемлекетте болмасын, кадр мәселесінің рөлі ерекше. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың кезінде мынадай сөз қалған. «Бір күні Мұхаммед пайғамбардың сахабалары сұрапты: «Осы ақырзаман дейсіз, ол қай уақытта болады?» Сонда пайғамбар: «Ақырзаман қиянат шексіз деңгейге жеткенде болады», – депті. «Қиянат деген не? – деп сұрағанда, ол:
– Қиянат деген – шеберге, қолынан іс келетін маманға лайықты қызмет бермеу», – деп жауап берген екен». Міне, кадр таңдау мәселесінің маңыздылығы осыдан туындайды. Бізде де кадр таңдау мәселесі қиын. Дегенмен, оны шешу жолдары белгілі. Мысалы, Еуропада коррупция ауыздықталып, кадр мәселесі толықтай шешілген. Оның басты себебі – барлық шешімдер сайлау арқылы жүзеге асады,-деді Мұрат Жұрынов.

Ғалымның сөзінше, Қытай соңғы жиырма жылда керемет экономикалық табыстарға қол жеткізген.

«Мен Қытайдың Ұлттық Ғылым Академиясының Президентімен осы тақырыпта сұхбаттасып, «Қытай экономикасының күрт қарқынмен өсуінің себебі неде?»деп сұрадым. Ол: «Себеп-кадр мәселесінде», – деп жауап берді. Қазір Қытай Президенті мынадай тәртіп орнатқан: барлық мекемеде, мектепте, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, зауыт-фабрикаларда, бизнес саласында, ірі орталықтарда басшылар сол ұжымның жасырын дауыс беруі арқылы сайланады. Бұл – ең әділ шешім. Біздегі сияқты бірнеше адамның жасырын дауыс беруімен шешілмейді. Мысалы, мектеп болса, онда сол мектептің барлық мұғалімдері жасырын дауыс беру арқылы басшыны сайлайды. Өйткені көпшілік қателеспейді. Көпшілікке әділдік қажет. Экономикалық өрлеу үшін міндетті түрде қолынан іс келетін, кәсіби қабілетті адам керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы аудан және облыс деңгейіндегі қалалардың әкімдерін сайлауды бастап берді. Енді облыс әкімдерін де солай сайлау қажет»,-деді Мұрат Жұрынов.

Академиктің айтуынша,Қытайда провинция деңгейінде қалалардың мэрлері мен губернаторлары сайланады. Бұл процесс коррупциялық жолмен емес, сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады.

«Қаланың мэрі мен оның орынбасары бірге сайланады. Осы жүйе бойынша, мэр орынбасарына «сен барып ананы істей салшы» деп айта алмайды. Орынбасары «Мен де сіз сияқты халық алдында есеп беремін, сондықтан әрқайсымыз өз міндетімізді адал атқарайық», дейді. Міне, осындай деңгейге жетуіміз керек. Министрлерді де өз саласының мекемелерін табысқа жеткізген білікті басшылардың ішінен сайлау қажет. Бұл жүйені толыққанды енгізу маңызды. Президентіміз осы бағытты бастап берді, енді оны аяғына дейін жеткізуіміз қажет.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – үлкен халықаралық тәжірибесі бар дипломат. Қазіргі шиеленіскен, жаһандану дәуірінде осындай білімі мен тәжірибесі бар адамның мемлекет басында болуы өте маңызды»,-деді Мұрат Жұрынов.

Д.В.Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты бас директорының айтуынша, біздің геосаяси жағдайымыз ерекше: бір жағымызда Қытай, екінші жағымызда Ресей орналасқан. Еуропамен сауда-саттығымыз орныққан, металдарымызды экспорттаймыз. Сондықтан бұл елдермен жақсы қарым-қатынасты сақтауымыз қажет.

«Дүниедегі ең қуатты мемлекет – АҚШ, оның президентімен де, сондай-ақ Түркі әлемінің басшыларымен де біздің мемлекет басшымыз тығыз әрі достық қарым-қатынас орнатқан. Халықаралық деңгейде басқа мемлекеттермен жақсы байланыс орнату – саясаттағы ең басты міндеттердің бірі. Себебі біз үшін тәуелсіздікті сақтау және егемендікті нығайту аса маңызды. Әлемнің әртүрлі елдерімен сауда-саттық және экономикалық қарым-қатынас орнату арқылы экономикамызды дамытуымыз қажет. Экономикалық өсім жұмыссыздық пен кедейшілікті жоюдың басты шарты болып табылады. Осындай биік мақсаттарға қол жеткізуіміз қажет. Президент сұхбаты- ел егемендігі мен экономикасын нығайтудың негізгі кілті. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бастамаларын толық қолдаймын және отандастарыма еліміздің экономикасының дамып, халқымыздың әл-ауқатының артуына үлкен сенім білдіремін»,-деді академик Мұрат Жұрынов.

 

Жанна  Жомарт

 

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Женатым лучше не смотреть: танец роскошной Татьяны (видео)
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Этот танец невесты оставит вас без слов! Пересмотрела 10 раз!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Не смейте выбрасывать зажимы от хлебных упаковок: они бесценны
Пікірлер