Қаржылық сауаттылық – қазіргі қоғамның тұрақты дамуы мен әрбір азаматтың жеке әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың бірден-бір негізі ретінде қаржылық білімге ерекше мән берілуде. Бұл тек жеке қаржыны тиімді басқару ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы экономикалық тұрақтылық пен өсімнің маңызды шарты.
Осы орайда біз қаржылық сауаттылық саласындағы сарапшы, тәжірибелі маман Мадина Шеңгелбай ханыммен, қаржылық білімнің қоғамдағы рөлін талқылайтын боламыз. Оның көмегімен қазақстандықтардың қаржыға деген көзқарасын жақсартудың жолдарына үңіліп, қаржылық сауаттылықты арттырудың әлеуметтік және экономикалық маңызын ашатын боламыз.
- Мадина ханым, қаржылық сауаттылықты арттыру қазіргі қоғам үшін қаншалықты маңызды ?
- Бүгінгі таңда қаржылық сауатты арттыру өте маңызды. Өйткені, қоғам алу-беру, алып сату үрдісінде жүр. Ақшаң болмаса, сенің физиологиялық қажетің өтелмейді. Ал сол ақшаны табу және орынды жұмсау – осы күннің өзекті мәселесі. Шыны керек, қазір қоғам үшін қаржылық сауаттылықты арттыру, қаржылық білім алу маңызды. Бірақ, адамдар оған дайын емес, қаржылық мәселесі болса да өз ішінде құпия сақтап, жүре береді. “Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде” демекші адамдар қаржылық мәселесін өз ішінде сақтап, қорқып қана өмір сүріп жүр.
- Қалай ойлайсыз, әдетте, адамдардың қаржылық қателіктері неден басталады? Қалай алдын алуға болады?
- Қаржылық қате ақшаны дұрыс жұмсамаудан шығады. Біз ақшаны дұрыс жоспарлай білсек, сол жоспарға ақша бағынады. Иә, кей кезде артық шығындар болуы мүмкін. Сіз жоспарламаған жағдаяттар орын алады. Сонда да бір айға ақшаңызды жоспарлап қойсаңыз, 80% сол жоспарды орындаған боласыз. Қаржылық жоспар дегеніміз – саған түскен ақшаның жұмсалу жерін анықтау, шығындарыңызға ақша бөлу. Сол ақшаны бөлген кезде сіздің ақшаңыз орынды жұмсалады.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы қаржылық сауаттылық деңгейін жақсарту үшін қандай қадамдар жасау қажет деп санайсыз?
- Ең алдымен адамдар өз түскен ақшасын есептей білсе деймін. Екіншіден, қарыз жүйесін түсіну. Қарыз алған уақытта, қанша пайыздық мөлшерлеме бар, соны анықтап алған жөн. Қарыз алатын кезде өз табысыңызды өтірік көрсетпей, шынайы болу. Ай сайын қарыздың суммасын төлей алатын шамаңызды анықтаған жөн. Үшінші қадам, қаржылық сауатыңды арттыратын білім алу. Ақшаны жинап үйрену, инвестиция туралы білім алу маңызды.
- Ал жастарға қаржылық сауаттылықты үйретудің ең тиімді әдістері қандай деп ойлайсыз?
- Жастарға қаржылық сауаттылықты үйрену үшін алдымен «қажет» пен «қалау» деген түсініктерді үйрену қажет. Қазір жастар «қалау» деп бәрін ала береді. Ал, ол көп жағдайда оның тіпті қажетіне де жарамай қалады. Жастар үшін басты қағида «қажеттіліктерді» алу. Кейін уақыт өте қалауларды алуға мүмкіндік болады. Қажеттілік – сіз үшін маңызды, пайдалануға жарамды, бағасы қолайлы, 1 айдан кейін немесе 6 айдан кейін бір жерде бос жатпайтын тиімді құрал, зат.
- Мадина ханым сұхбатқа келіскеніңізге рақмет!
Шынында, қазір қаржылық сауаттылық қоғамдағы өзекті мәселе қатарына жатады. Елімізде өз несиесін төлей алмай отырғандардың саны 2018 жылы 1 миллион 102 мың нан асатын болса, 2022 жылы 6,5 миллион адамға көбейген. Жалпы сома бүгінгі таңда 38,5 триллион теңгені құрайды.
Қаржылық сауаттылық – бұл өмірдің әрбір саласында сәттілікке жетудің кілті. Мадина ханым айтқандай, ақшаны дұрыс жоспарлау мен тиімді пайдалану дағдылары адамның өзіне сенімділігін арттырып, қаржылық еркіндікке жетелейді. Адамдар қаржылық мәселелерді шешуде ашық болып, табыс пен шығындарын дұрыс басқарса, көптеген қателіктерден құтыла алады.
Ең бастысы, қаржылық білімнің маңыздылығын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдану – тұрақты және саналы қаржылық шешімдер қабылдаудың негізі. Қоғамда қаржылық сауаттылықтың деңгейі көтерілген сайын, адамдар өздерінің әл-ауқатын жақсарта алады және экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге үлес қосады.