Мен таңдаған мамандықтың иесі мен киесі

3899
Adyrna.kz Telegram

Шындықтың жолы – қиын жол.

Шерхан Мұртаза

(«Елім саған айтам, ел басы сен де тыңда!» кітабынан)

Бір күні сабақтан соң кітапханаға жол тарттым, ұзақ ой түбінде жүріп, оқу залында іс-шара өткізіліп жатқанын көргенде ғана есімді жинадым. Басқа әлемде жүргендей, жиын өткізіліп жатқан жерге кіріп кетіппін, ештеңе етпес, көрермен болып отырайын деп ойладым, ал қатысушы болам дегенді кім ойлаған?! «Жас ақындар ортаға шығып, өлең оқысаңыздар болады,  араларыңызда жас ақындар бар ма?»,–деп жүргізуші сұрағанда, алдыға ұмтылып шыға жөнеліппін, қатысушы атанып, берілген сұрақтарға мүдірмей жауап бердім. «Журналист болатын қыз екен-ау» деп жұрт күбірлесіп кетті. «Ал мен таңдаған мамандықтың иелері қандай тұлғалар? Мен олар жайлы білемін бе?» деп, өзіме сұрақ қойдым. Расында да, мен кімнен үлгі алуым керек? Тарихта із қалдыру үшін кімнің өмірлік өнегесін білуім қажет? 

Қазір–технологияның алтын уақыты, теледидардан, ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желіден небір бағдарлама көріп, тамашалап жүрміз, ал олардың бізге берер қандай әсері  бар? Ұзын-сонар тізімнен саусақ санарлығы ғана мен үшін ерекше деп санаймын, себебі, телеарналардың саны көп, сапасы жоқ. Журналистика саласының майталманы демесем де, өзіндік қолтаңбасы  бар, мен үлгі тұтатын кәсіби мамандарды тілге тиек еткім келеді. «Дара жол» бағдарламасының жүргізушісі Дана Нұржігіт, «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлы, «Біздің уақыт» бағдарламасының жүргізушісі Жайна Сламбекқызы – бұл үшеуінің менің болашақта қалыптасуыма тигізетін үш асыл қасиеті бар: ұстамдылық, намысшылдық, енді бірі–қайсарлық, өр мінезділік.

Бүгінгі күннің журналистикасына баға берсек, бұл саланың озықтары қандай десек, алдымен өткенімізге үңілейік. Ресей патшалығының отарында болып тілімізден, тарихымыздан, әдебиетімізден айрылған шақта Алаш арыстары қарапайым халықтың санасын оятып, білім берумен қатар, газет-журнал шығарып, ерен еңбек етті. Мұхамеджан Сералин – қазақ даласында журнал шығарған алғашқы майталманның бірі ғана емес, журнал арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін, ахуалын  көрсете білген біртуар тұлға. Журналды шығаруда қаражат жағынан қиындықтар болғанмен, ел арасында түсіндірме жұмыс жүргізіп, қолдау білдіруші жандар тапты. Алғашында журнал көлемі аз болды, кейінірек 14-16 бетті құрады. Журнал екі айда екі рет жарық көре бастады. Қ. Бекхожиннің дәлелдеуі бойынша журнал тиражы мыңға жетті. «Айқап» журналын оқырман асыға күтіп оқитын болды, алыс елді мекендерден толассыз ағылған хаттар келіп жатты. 

Халықты маса болып ызыңдап, білімге шақырған «Маса» жинағының авторы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ журналистикасының өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор. Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхановтар жұмыла іс артқарып, «Қазақ» газетін шығарды. Бұл азаматтар–қиын-қыстау жағдайда,  өмірдің соқтықпалы-соқпақсыз жолында мойымастан елі үшін жанын қиған күрескерлер еді. Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы еш-себепсіз, кінәсіз талай рет абақтыға түсті, қазақ даласынан қуғындалып, Орынборға жер аударылады. «...жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанша мәз болып, мал өлімінде өлмей» деп, алдына мақсат қойып, «Қазақ» газетінің негізін салып, бір топ зиялы қауымды жанына жинайды. Ресей үкіметінен газет шығаруға қолдау таппаса да, қажыдан, байдан, жастар мен ұстаздардан тиын-тебен жинап, іс бастайды. Жоғарыдан бақылаулар, тінтулер, жауапқа тартушылықтар болып, айыппұл салынып, қысымшылық көрсетілді, алайда газет жұмысы тоқтамады. Осыған қарамастан газет ауқымы кеңейіп, айдарлар саны артты. Поэзия, проза, үздік аудармалар «Өлең-жыр» айдарынан тұрақты жарияланып тұрды. Бір топ зиялы жастардың басын қосып, еңбек еткн Ахмет Байтұрсыновтың кемеңгерлігіне қайран қалам.

Тәуелсіздік алған жылдары тұрмыс-тіршілік, ел экономикасы күрт төмендеген сәтте Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза сынды қаламгерлердің ел ішіндегі хал-ахуалды көтеріп, хат жазысып, «Елім саған айтам, ел басы сен де тыңда!» атты еңбек жариялауы билік басындағыларға да үлкен сабақ болды. Ұлт қамын жеген зиялылар жиырмасыншы ғасырдың соңы халыққа қиын соққанын ашық жазды, елімізде жарық көретін газет-журналдардың саны мың екі жүз болса, тек екі жүзі ғана қазақ тілінде екенін мәлімдеді, тәулік бойы қазақ тілінде хабар беретін арнаның жоқтығын да қозғады, ел тіршілігін түгелдей сөз етті.

Қазір еліміз өркендеп, тәуелсіздіктің жаңа таңы атты. Қазақ тілінде жүз пайыз хабар тарататын арналар ашылды. «Qazaqstan», «Хабар», «Хабар 24», «Astana», «КТК», балаларға арналған «Balapan»  телеарнасы, спорттық, музыкалық, діни, тарихи, мәдени арналар ашылып, әртүрлі форматтағы тележобалар көрерменге жол тартты. Қазақ тілінде жарияланатын «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ақиқат», «Аңыз адам» т.б. газет-журналдардың саны артты. Бұл дегеніміз – үлкен бақыт, үлкен жетістік! Шер аға! Камал досыңызбен жазысқан хаттардағы арман-мақсат бүгін шын мәнінде жүзеге асып жатыр.   

«Түрік даналары» телебағдарламасының жетекшісі Марат Барманқұловтың  зерттеуі қазақ халқын тарихтан хабардар етті. Бағдарлама жүргізушісі, журналист, ақын Жұмаш Кенебай екеуінің іскерлігі арқасында бағдарламаның отыз минуттан тұратын қырыққа жуық саны жарық көрді. Бағдарлама көрерменге де қызықты болды, сұхбат пен әңгімеден гөрі  музыкалық сүйемелдеу, өлең жолдары бағдарламаға сән мен әр берді. Тіпті, бүгінде мұндай бағдарлама жоқтың қасы. 

Жоғарыда шолып өткен тұлғалар – журналистика саласының тарландары және бір тобы ғана, мен үлгі тұтатын тұлғалар бәлкім одан да көп.  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситетінің журналистика факультетінде өткен «Жас тілшілер» форумы менің ізденісім мен еңбекке деген құлшынысымды оятты. Журналистика факультетіндегі саяхат барысында М.Барманқұлов атындағы телестудияда болдым. Әл-Фараби атындағы білім ордасында М.Барманқұлов жастарға қаншама үлгі-өнеге берді,  қаншама дәріс өткізді. Осындай тұлғаның атындағы студияда болудың өзі бір ғанибет емес пе?! Бұл жер–М.Барманқұловтың табаны тиген, еңбегі сіңген жер. Ұлы тұлғаның артында қалған ізбасарлары осы студияда тәжірибеден өтіп, машықтанды. Мен де осы киелі жерде білім алып, ізбасарларының бірі атанғым келеді, таңдаған мамандығымның адал иесі болғым келеді. Түркі әлемінің мол қазынасын зерттеп, өмірге жаңа жоба әкелсем деп армандаймын. Ал ізбасар атану–оңай дүние емес, ізбасарлыққа лайық болу үшін жауапкершілік жүгін арқалап, қиын жолды жүріп өту керек.

Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы,

Қаскелең қаласы,

Алматы облысы.

Ғылыми жетекшісі Жидегүл Әбдіжәділқызы

Пікірлер