Туыстық неке – бір отбасына немесе жақын туыстарға жататын адамдар арасында үйлену, неке қидыру. Мұндай неке түрі дәстүрлі қоғамдарда жиі кездесіп жатады. Туыстық неке көршілес Өзбекстан елінде де ара-тұра кездесіп қалады.
БАҚ беттерінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, Өзбекстанда 2023 жылы 9014 баланың 796-сына генетикалық ауру диагнозы қойылған. Бұған негізінен туыстық некенің тоқтамауы себеп болып отыр. “Азаттық радиосы” әлеуметтік желіде Өзбекстандағы туыстардың некелесеуінен кейінгі өмірді баяндаған. Бейнебаянда ағайынды Сирожиддин, Ойбохор, Фируза Тоғаевтардың өмірі баяндалады.
- Атам өз ұлына әпкесінің қызын алып берді. Олар бізге қарайды, үй шаруасымен айналысады деп балаларын некелестіріп, туыс болды. Салдарынан әпкем екеуміз мүгедек болып тудық, - дейді жергілікті билік сыйға тартқан мотороллермен ауылда жүк таситын Сирожиддин Тогаев.
Демек, туыстық некелердің ең маңызды мәселесі – генетикалық аурулар мен денсаулыққа қатысты асқынулардың қаупі. Жақын туыстар арасындағы неке тұқым қуалайтын генетикалық аурулардың таралу ықтималдығын арттырады. Осы мәселеге қатысты дәрігер-генетик Әсем Қияшқызынан пікір алдық.
- Туыстық некенің қаупі туралы айтып беріңізші.
- Жалпы некенің бірнеше түрі бар. Соның ішінде туыстық неке (инбридинг) болашақ ұрпақ денсаулығы үшін зиянды некенің түрі болып табылады. Осындай некеге қазақтардың салты бойынша тиым салынған.
Адамдарда тұқым қуалап берілетін 10 мыңға жуық әртүрлі гендік аурулар бар. Гендік аурулар дегеніміз- гендерде (ДНҚ) болатын өзгерістерден (мутация) тарайтын аурулар. Олар әртүрлі жиілікпен ата-аналарынан балаларына беріліп отырады. Ол аурулардың біраз бөлігі аутосомды рецессивті түрде беріледі, яғни ата-анасында ауру көрінбей, жасырын күйде болады. Егер ата-аналары туысқан болса, оларда осы жасырын аурудың гендері бірдей болады да балаларында 25 пайыз көрінуі мүмкін. Ол дегеніміз – әр жүктілікте ауру бала туылу қаупі бар. Бұндай аурулардың көпшілігі ақыл-ой, дене даму кемістігіне, мүгедектікке және ерте өлімге алып келеді. Осындай аурудың рецессивті гендері кез-келген адамда болуы мүмкін. Зерттеулер бойынша кем дегенде 5-6 рецессивті аурудың гендері барлық адамдарда бар. Осындай зиянды гендерді жарыққа шығармау үшін және сау ұрпақ дүниеге келу үшін туыс емес адамдардың некелескені тиімді.
ҚАЗАҚ – ТЕКТІ ХАЛЫҚ
Әсілінде, талай ақын-жазушылар өз туындыларында қазақ халқының тектілігін сөз еткен. «Қазақтың қаны таза», «қазақ қан араластырмаған», «тектілік қаннан» деген сөздер де кездесіп жатады. Осы орайда туыстық неке мәселесі бойынша этнограф, салт-дәстүр жайын сөз ететін, «Киіз үй» кітабының авторы Бұлбұл Кәпқызына сауал жолдадық.
- Ерте замандарда қазақта туыстық неке болған ба?
- Қазақ деген – текті, дана халық. Қазақта ешқашан туыстық неке деген болмаған. Қазақ ұрпағын тәрбиелеп, жеті атасын біліп өсірген, туыстық некеге жол бермеген. Туыстық неке – қазақтың қарапайым тілінде адам азғындығының белгісі. Екінші, туыстық некеден дүниеге келген ұрпақта мүгедек, аутизм аурулары пайда болады деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан қазақтар жеті атаға дейін қыз алмайды. Яғни, туыстық қатынас қаймана қазақ болғаннан кейін ғана бір-бірімен құда-жекжат болуына рұқсат берілген.
- Туыстық неке қай елдерде көптеп кездеседі?
- Жалпы туыстық неке деген көбінесе басқа ұлттарда бар. Өзбектерде бар. Ол елде де өзінің тікелей туысын алмайды. Ол ұрпақтан тараған қыздың балаларымен үйленуіне, қыз алысуға болады деген түсінік бар. Жалпы, өзбек, түрік, моңғол халықтарында туыстық неке бар. Бірақ, өте жақын неке емес. Қазақтарда бірлі-жарым туыстық неке кездескен жайттар болған. Ол жерде өз ұрпағына зиян келеді. Ал біздің ата-бабамыз ұрпақ үшін өмір сүрген халық.
- Туыстық некенің зияндары туралы ойыңызды білсек.
- Туыстық некенің ұрпаққа әкелер зияны көп. Қазақ деген – қанын ешқашан былғамаған текті халық. Қаны таза болған халықтың – жаны таза, ойы таза. Болашақта мықты ұрпақ әкеледі, жүйеде өмір сүреді. Біздің қазақтың даналығы да осында. Жеті атасын біліп, туыстық неке деген болмайды. Бұл біздің бабаларымыздың бізге қалдырған даналығы, үлгісі.
Әлеуметтік желіде туыстық неке тақырыбында тараған түрлі видеолар көптің назарына ілікті. Бірінде өзге ұлт өкілдерінің туыстық некені қолдайтыны айтылса, енді бірі қарсы. Тіпті имамдар да түрлі пікір білдірген. Бірі «болады, 100% шариғат рұқсат етеді» десе, қырғыз имамы «Шариғат рұқсат бергенмен, қырғыз салты рұқсат бермейді» деп жазған.
ШАРИҒАТТА ТУЫСТЫҚ НЕКЕГЕ РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН
Осы тұста Қазақстанның Бас мүфтиятына да жүгіндік. «Шариғатта туыстық некеге рұқсат берілген бе?» деген сауалымызға әлеуметтік желідегі бір бейне арқылы жауап берді.
«Әлеуметтік желіде «Құранда туысқаныңмен некелесуге болады екен. Ол аятта айтылғандықтан істеулерің керек. Міне, сендердің діндерің қазақ дәстүрінде жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүріне қайшы келіп жатыр» деп ислам дініне сын айтқан екен. Ең әуелі Қазақ хандығы құрылмас бұрын, 12 ғасырдан астам уақыттан бері ислам дінін ұстанып келеміз. Ата-бабамыз бұл аятты жақсы білген. Дегенмен, сол аятты біле тұрып, «жеті атаға дейін қыз алыспаймыз» деп заң қабылдаған. Пайғамбардан келген хатта: «Жақын адамдармен қыз алыспаңдар. Өйткені бала әлсіз боп туады» деп ескертілген. Шариғатта туыстық некеге рұқсат етілгенімен, дәстүрімізде рұқсат жоқ. Жеті атаға дейін қыз алысуды біз болмайды деп айтамыз», - делінген имам Елбек Тасболатұлының желідегі бейнесінде.
Халық арасында шағын сауалнама жүргізіп, туыстық неке туралы пікір сұрадық. Аяулым есімді қала тұрғыны:
«Мен туыстық некеге өз басым қарсымын. Бізде мұндай неке түрі болмаған», - деп жауап берді.
Арнұр есімді студент:«Мен өзім қарсымын бұл неке түріне. Ойлаңызшы, сен өз туысыңды жұбайың ретінде таңдайсың. Бұл құлаққа да түрпідей тиеді», - деді. Ал Аружан есімді тұрғын: «Мен бұл туралы естігенмін. Қателеспесем, Өзбекстанда туыстық некеге байланысты жиі ақпарат тарап жатады. Туыстық некеге өз басым, қарсымын!» - деді.
Мамандардың айтуынша, туыстық неке генетикалық аурулардың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін, себебі жақын туыс адамдардың генетикалық материалдары ұқсас. Мұндай некеден туған балаларда белгілі бір генетикалық мәселелердің туындау мүмкіндігі жоғарырақ болады. Кейбір елдерде және аймақтарда заңмен шектелгендіктен, заңды мәселелер туындауы мүмкін.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы