Шавкат Мирзиёев Палестинадағы соғыстан зардап шеккен балалар мен әйелдерге Өзбекстан клиникаларында тегін ем ұсынуға дайын екенін білдірді. Бұл туралы ел президенті 11 қарашада Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен кезектен тыс араб-ислам саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы fergana.agency-ға сілтеме жасап.
«Әлеуметтік инфрақұрылым, мектептер, ауруханалар, мешіттер, тұтас қалалар жойылып, миллиондаған бейбіт тұрғын баспанасынан айырылып, аштық пен аурудан зардап шегіп жатқанын тыныш қарап отыру мүмкін емес. Ең жаманы, біз мұның куәсіміз, бұл трагедияға қатысты халықаралық аренада қос стандарттар қолданылуда. Бұл жағдай шиеленістің күшеюіне ықпал етіп, халықаралық қауіпсіздікке ауыр қауіп төндіреді», — деді Өзбекстан президенті.
Мирзиёев қажетті шаралар ретінде мыналарды атап өтті:
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қауіпсіздік Кеңесінің араб-израильдік қақтығысты шешудегі рөлін және ықпалын түбегейлі арттыру керек. Әскери қимылдарды дереу тоқтату, қауіпсіз гуманитарлық дәліздер қамтамасыз ету және бейбіт келіссөздерді бастау мәселелері осы әмбебап халықаралық құрылымның тұрақты назарында болуы тиіс;
Мемлекеттер мен жетекші халықаралық ұйымдардың Палестина мен Ливанға көмек ауқымын ұлғайту керек, бұл «апатты гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін» қажет;
Келесі жылы Самарқандта өтетін «Парсы шығанағы араб мемлекеттері – Орталық Азия» саммитінде Палестина халқына практикалық көмек көрсету мәселелерін талқылау қажет;
Әл-Ақса мешіті мен Иерусалимнің басқа да ерекше тарихи-мәдени ескерткіштерінің қол сұғылмауын қамтамасыз ету.
Палестина мәселесін реттеу және Ливандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша саммитке Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) мүшелері қатысты. Оған Таяу Шығыс, Африка, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің 50-ден астам мемлекеттер мен үкімет басшылары келді. Мирзиёевпен бірге Орталық Азияны Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өкілдік етті.