Қарағандының логистикалық орталық ретінде даму әлеуеті жоғары

100
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда Тeez маркетплейс сауда-логистикалық қоймасы жұмыс істей бастады. Болашақта мұнда 8 мың жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнес қолдау алады.

SARYARQA телеарнасында тікелей эфир барысында тұрғындар Ермағанбет Бөлекпаевтан қойманың ашылуы өңір экономикасына қалай әсер ететінін сұрады. Өңір басшысы жергілікті өндірушілер мен кәсіпкерлер заманауи қойма қызметтеріне қол жеткізе алатынын, бұл тауарларды жеткізуді едәуір жеделдететінін және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын атап өтті.

Қоймада 300 адам жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 200 адам жұмысқа тұрады. Мұнда барлығы 8 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

– Бұдан басқа, Қарағандыда ірі логистикалық орталықтың болуы басқа инвесторлар мен бизнес-құрылымдардың назарын аударуы мүмкін. Бұл қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырады және логистика мен саудаға байланысты қосымша қызметтер ашу сияқты бизнестегі жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Өңір стартаптар мен халықаралық компаниялар үшін тартымды болады, бұл іскерлік белсенділіктің өсуіне алып келеді, – деп есептейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Халықаралық логистиканы нығайтудағы негізгі қадамдардың бірі Қарағанды "Сары-Арқа" әуежайы базасында мультимодальды аэрохаб құру. Қарағандылық журналист аймақ басшысынан жаңа инвестордың жоспарлары туралы сұрады.

– Әуежайға жылына 2 млн жолаушы өткізу қабілеті бар жолаушылар терминалы, жылына 50 мың тоннаға дейін жүк өңдеу мүмкіндігі бар Cargo Тerminal жүк терминалы кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл біз әуежайымыздың базасында CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабын құру мәселесін пысықтауды бастадық. Сонымен қатар, әуежай аумағында "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағының субзонасы болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

"Сары-Арқа" әуежайында жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға бағытталған Жол картасы әзірленді. Бұған АЭА субаймағы шеңберінде салықтық және басқа да преференциялар алатын аэрохаб аумағында жаңа кәсіпорындар құру есебінен қол жеткізілетін болады. Өңделетін жүктердің көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Осының арқасында 2030 жылға қарай 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру және бюджетке салық түсімдерін ұлғайту жоспарлануда.

Бүгінгі таңда әуежай Эквадордан, Нидерландыдан, Бельгиядан және Оңтүстік-Шығыс Азиядан коммерциялық жүк рейстеріне қызмет көрсетеді. Болашақта Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша әуе кемелерінің техникалық қонуы артады деп күтілуде. Бұл әуежайдың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді және оның маңызды көлік торабы ретіндегі мәртебесін нығайтады.

Пікірлер