Тәліптер Алматыға тапанша әкелді. Ауғандықтар көрмесінде қазақ министріне сағат сыйлады

272
Adyrna.kz Telegram

20 қазан күні Алматы қаласында ауған тауарларының көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қолдан тоқылған кілемдер, жемістер мен көкөністер, жаңғақтар, шафран шайы, антиквариат, құрылыс материалдары, асыл тастар, кондитерлік өнімдер және басқа да көптеген дәстүрлі ауған тауарлары Атакент-Экспо көрме кешенінде ұсынылды. Одан бөлек, көрмеде қылыш, тапанша мен қанжар да сатылып жатыр.

«Қаруларды Қазақстанға әкелуде қиындықтар болған жоқ. Бізге Ауғанстан үкіметі көмектесті»,—деді кәсіпкерлердің бірі.

Бұл Қазақстанда өткізіліп жатқан дәстүрлі ауған өнімдерінің екінші көрмесі, оны Сауда және интеграция министрлігі мен Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуына вице-премьер Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи қатысты.

«Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Ғаламдық дағдарыстарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып келеді. Қазақстан өз өнімін ауған нарығына шығарумен ғана шектелмей, ауған тауарларының да қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесіп келеді», – деп атап өтті Жұманғарин.

Көрмеде вице-премьер ауған халатын киіп көрді. Сондай-ақ Қазақстан үкіметіне сағат тарту етілді.

Айта кетейік, Алматыдағы дәстүрлі ауған тауарларының көрмесі 2024 жылдың 20-22 қазан аралығында өтеді. 22 қазан күні қазақстан-ауған бизнес-форумы өтеді, оның аясында қатысушылар B2B кездесулерінде ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылайды.

Пікірлер