Молдовада бір уақытта сайлау және Еуропалық одаққа кіру туралы референдум өтуде

150
Adyrna.kz Telegram
Фото: Alexandr Burakov/DW
Фото: Alexandr Burakov/DW

Молдовада президент сайлауы мен Еуропалық Одаққа кіру бойынша референдум бір уақытта өтіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-де 2 мыңға жуық сайлау учаскесі ашылды. Дауыс берушілерге екі бюллетень беріледі. Біріншісі, сұр түсті ол жерде президенттікке кандидаттар тізімі бар. Ал екіншісі, күлгін түсті. Онда конституцияға енгізілген түзетулер мәтіні және Молдованың Еуропалық Одаққа қосылу мақсатымен конституцияны өзгертуіне қатысты сұрақ жазылған.

Басылымның хабарлауынша, дауыс беру жарамды деп танылуы үшін халықтың 33 пайызы қатысуы керек. Елдің жаңа президенті абсолютті көпшілік дауысқа ие болған кандидат болады. Егер ешкім мұндай қолдауға ие болмаса, онда екі аптадан кейін президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтеді.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылады, алдын ала нәтижелер 21:00-де шығады деп күтілуде.

Айта кетейік, сұр түсті бюллетеньде Молдова президенті лауазымына 11 үміткер ұсынылған. Бірақ олардың екеуі ғана көпшіліктің назарын аударады. Қазіргі еуропашыл президент Майя Санду және оның басты бәсекелесі, ресейшіл оппозициялық социалистер партиясы (ПСРМ) қолдаған бұрынғы бас прокурор Александру Стояногло.

Пікірлер