Жанрға бай Баянғали

1234
Adyrna.kz Telegram
Фото: Egemen.kz
Фото: Egemen.kz

Бүгін - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, қарымды қаламгер, драматург,  әйгілі манасшы Баянғали Әлімжанов 70 жасқа толды.

 Баянғали Тақанұлы 1954 жылы 16 қазанда Ақмола облысы (бұрынғы Көкшетау, Біржан сал ауданы) Степняк қаласында, қарапайым еңбекшілер отбасында дүниеге келген.

Әкесі Әлімжанов Тақан (1921-1996ж) Ұлы Отан соғысына қатысқан. Анасы Әбішева Бәтима (1918-1988ж.). Екеуі де зейнетке шыққанға дейін кеңшарда жұмыс істеген. Б.Әлімжанов Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепті 1971 жылы, 1977 жылы ҚазМУ-дың қазақ филология факультетін бітірген. 1987 жылға дейін Алматы қаласында тұрған.

Сәбит Мұқановтың мұражайында ғылыми қызметкер, "Лениншіл жас", "Кітап жаршысы", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде тілші, "Қазақфильм" киностудиясында деректі фильмдер мен хроника бөлімінің редакторы, «Балдырған», "Жұлдыз" журналдарында проза, сын бөлімдерінің редакторы болып қызмет атқарған.

1987 жылы ата-анасын күту үшін туған ауданының «Кеңащы» ауылына зайыбымен (Әлия Бақышқызы Әлімжанова, 1962 т.ж., медицина қызметкері) бірге көшіп келіп, 11 жыл ауылда тұрған.

Баянғали облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің Еңбекшілдер, Уәлиханов, Щучье аудандары бойынша меншікті тілшісі, Еңбекшілдер аудандық мәдениет бөлімінде төкпе ақын болып жұмыс істеген. Ата-анасы дүниеден өткеннен кейін, 1998 жылы Көкшетау қаласына көшіп, 2001 жылға дейін Шахмет Хұсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахна шебері болып қызмет атқарған. 2006-2014 жылдары Паң Нұрмағамбет киностудиясының көркемдік жетекшісі болған.

Баянғали Әлімжанов лирикалық, философиялық өлеңдер мен елуге тарта поэма, оқиғалы жырлардың авторы.

Оның өлең-жырлары жеке кітап болып басылған "Ауылдың ақ самалы", "Аңыз бен аспан", тарихи тұлғалар туралы көптеген жинақтарға енген және республикамыздың беделді журналдары "Аманат", "Жұлдыз", "Таң-Шолпан", "Дарабоз", "Жаңа Сарыарқа", "Көкшетау", "Қазақ тарихы", "География" журналдары, "Жидебай" альманағы мен "Егемен Қазақстан", "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі", "Заман Қазақстан", "Айқын", "Жас қазақ үні", "Алматы ақшамы", "Арқа ажары", "Жас Арай" т.б.газеттерінде жарияланған.

Б.Әлімжановтың өлеңдері «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының 10 томдық антологиясына , «Таксидегі тағдырлар» поэмасы «Қазақтың жүз поэмасы» атты 6 томдық антологияға кірген. Б.Әлімжанов көптеген ән текстерін жазған. «Ғажайып күй», «Өмірлік менің серігім», «Қазақстан», «Өкпелеме, жаным», « Сен ешқашан өзгерме» және басқа да әндері (муз. Нұрлан Әлімжанов\ бүкіл елімізге әйгілі болды. Б. Әлімжановтың балаларға арналған өлең-жырлары да бар. Әсіресе, әліппе және әліппе –жаңылтпаш өлеңдері кеңінен танымал. Б.Әлімжановтың шығармалары орыс, ағылшын, испан,француз, араб, қытай, неміс, жапон, түрік, татар, башқұрт, удмурт, өзбек, монғол,ұйғыр, қарақалпақ және қырғыз тілдеріне аударылған.

Пікірлер