Елордада көпірден секірген жас қызды құтқарған Ұлттық ұлан жауынгерлері марапатталды

943
Adyrna.kz Telegram

Елордада көпірден секірген жас қызды құтқарған ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері марапатталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Менің орнымда басқа нағыз ер жігіт болса, ол да осылай жасар еді. Қорқақ болып жүргеннен гөрі, халық жадында батыр болып сақталып қалған артық», - деді қатардағы жауынгер Нариман Мырзахметов.

Астанада көпірден Есіл өзеніне секірген қызды құтқарған ұландықтар марапатталды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен елордалық 5573 әскери бөлімнің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында әскери борышты үлгілі атқарғаны, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және ыждағаттылықпен орындағаны үшін «Ұлттық ұлан ұлан үздігі» және «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Салтанатты рәсімге ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының қолбасшылығы мен жеке құрамы қатысты.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков ерлікпен ерекшеленген жауынгерлерді төсбелгілермен марапаттады.

- Мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және жеке өз атымнан Сіздерге көзсіз ерліктеріңіз үшін, ал ата-аналарыңызға қиын сәтте ел қорғауға дайын осындай ұлдар тәрбиелегені үшін үлкен алғысымды білдіремін. Мұндай батылдық пен жауапкершілік үлгілері жеке құрамды жауынгерлік қызметті сәтті орындауға шабыттандырады. Сондықтан біз әскери қызметшілеріміздің еңбегін лайықты бағалау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.

Атап айтқанда, әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нариман Мырзахметов «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, ал патрульдік қатардағы жауынгерлер Дамир Мұқашев пен Давид Корсуновқа «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілері табысталды.

Еске салайық, оқиға 2 қазан күні кешкі сағат 22:00 шамасында болған.  Ұлттық ұланның әскери жасағына жергілікті тұрғын көмек сұрап келіп, Есіл өзеніне көпірден жас қыз секіргенін айтқан болатын.

Оқиға орнына дереу жеткен ұландықтар жедел түрде құтқару жұмыстарына кірісті. Кәсібилік пен табандылық танытқан сарбаздар қызды судан тез шығарып алды және жедел жәрдем келгенге дейін оған алғашқы көмек көрсетті. Осылайша, қайғылы жағдайды болдырмады.

- Мұндай марапатты Бас қолбасшының қолынан алу мен үшін үлкен мәртебе. Менің орнымда басқа нағыз ер жігіт болса, ол да осылай жасар еді. Қорқақ болып жүргеннен гөрі, халық жадында батыр болып сақталып қалған артық. Бұл – біздің Отан алдындағы борышымыз! Алдағы уақытта да біз өз антымызға адал болып, еліміздің игілігі үшін қызмет ететін боламыз, – деп атап өтті әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нариман Мырзахметов.

Бұған дейін 5573 әскери бөлімі командирінің бұйрығымен қатардағы жауынгер Нариман Мырзахметовке қысқа мерзімді 10 күндік қызметтік демалыс берілген еді. Ал қатардағы жауынгер Дамир Мұқашев пен Давид Корсуновқа грамоталар мен командирлік сағаттар табысталды.

Айта кетейік, Ұлттық ұланның сарбаздары еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жауынгерлік қызмет кезінде олар құқықбұзушылар мен қауіпті қылмыскерлерді ұстауға, ұрланған заттарды иелеріне қайтаруға және жоғалған балаларды табуға көмектеседі.

 

Пікірлер