Үкімет: Жәрдемақы алған 70 мың отбасы табысын жасырған

1199
23 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен брифингіде премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев елде атаулы әлеуметтік көмек алған 70 мыңдай отбасы табысын жасырған деп мәлімдеді.

Сапарбаевтың сөзінше, 200-300 мың теңге (520-700 доллар) табатын отбасылар табысын 40-60 мың теңге (103-155 доллар) деп көрсеткен.

Министр орынбасары отбасылардың табысы олардың зейнетақы қоры салымдарына байланысты тексерілгенін айтты. Оның сөзінше, қазір үкімет пен әкімдіктер отбасылардың нақты қанша табысы барын анықтау үшін жұмыс істеп жатыр.

17 тамызда Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 21 мың отбасы атаулы көмек алу үшін табысын жасырған деп мәлімдеген.

Биыл ақпанда елде көп балалы әйелдердің билікке талабы күшейген тұста Қазақстан үкіметі тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлейтіндерін жариялаған. Аналар наразылығы 4 ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанадағы өрттен кейін басталған. Сол оқиғадан бір отбасының бес баласы қаза тапқан.

27 ақпанда “Нұр Отан” партиясының жиынында сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмекті 70 пайызға өсіруді, көп балалы отбасылардың әр баласына 21 мың теңге төлеуді бұйырған. Кейін парламент атаулы әлеуметтік көмек туралы заң қабылдап, оған Назарбаевтың орнына келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Сәуірден бастап жергілікті билік отбасылардан әлеуметтік көмекке құжат қабылдай бастаған. Бірақ әйелдер құжат өткізудің қиындығын айтып, жиі шағымданады.

21 тамызда “Нұр Отан” жиынында партия төрағасы Назарбаев көп балалы әйелдер мен шетелден көшіп келген қазақтарды “биліктен көмек сұрай береді” деп сөкті.

- "Маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой" деді Назарбаев партия жиынында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, 15 тамыздағы жағдай бойынша 1,8 миллион қазақстандық АӘК алған. Бюджеттен АӘК төлеу үшін 103 миллиард теңге (335 млн доллар) бөлінген. Жәрдемақы алғандардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады.​

"Азаттық" радиосы

Пікірлер