Мирас Асан. Екі өлең

706
Adyrna.kz Telegram

ТҮРКІ АРУЫ

О, Түркінің аруы, көздерің нұр төгілген,

Қара қасың Қиғаш па,

Шыршық па?

Жоқ.

Керулен?!

Алма жүзің ақ шағыл, иісің иран бақша бір,

Батып өлген шайырмын дидарыңа сенің мен!

О, Түркінің аруы, тісің маржан тізілген,

Қыпша белің – қауырсын, аққулардан үзілген!

Ерінің – Тараз шиесі, Күн сүйеді, мен сүйем,

Қара Ертіс шашыңды аймалайды қызыл жел.

О, Түркінің аруы, ханшасындай хандардың,

Сансыз әскер оттары – көздеріңде жанған Күн.

Сені сүйіп қалдым мен,

Фатимасы Мұхтардың,

Гүлбаһрамы Сәкеннің,

Зылихасы Мағжанның!

Сарыарқаның жусаны – демің жұпар аңқыған,

Жүрегіңнің отына пәруанадай шарпылам.

Жүрегімнің үстінде биле түркі аруы,

Жақындасаң тасимын, алыстасаң сарқылам.

Сенің анау бұрымың байсалды көш, керуен,

Сенің сөзің – ақ алмас, үшкір жебе, темірен.

Шабытыма дария малып құстар қанатын,

Жүрегімнен ұшады саған қарай тобымен.

Ақ маңдайың – Хан Тәңірі, керме иығың – Алатау,

Ақша бетің Өгелін бегім кірген ақ отау.

Сенің жібек мінезің, сенің жұмсақ білегің,

Желпи ұшқан жанымды қоңыр қаздың қанаты-ау.

Құс жолындай құбылып түймелерің қатары,

Саған ұқсап атқан таң, саған ұқсап батады.

Камзолыңды қынай бел, көйлегіңді қамажай,

Тырналардың тырауы тыстап бара жатады.

О, түркінің бегімі, саған жаным садаға,

Сенің отты көздерің жарқыраған самала.

Ертегіден, эпостан шыға келген перизат,

Бай-бағланға бұрылма,

Құл-құтанға қарама.

Сәкендердің сұлуын,

Мағжандардың ғашығын,

Елестетіп көзіме алдымнан шық, асылым.

Жүрегіме қон менің, құз-жартасқа құлдилап,

Жүрегімнен ұш менің, лағыл қанат лашыным!

 

БІЗ  КӨШПЕНДІЛЕРМІЗ

Біз – көшпенділерміз!

Ғаламды селдей жапырып көшкен Ғұн-елміз!

Қара қазанның астында қалған баланы,

Қасқыр емізіп, өртеңнен өскен түменбіз!

Біз – көшпенділерміз!

Дүр дүниені әлі іштей сескендірерміз!

ХХІІ ғасырдың қақпасынан да,

Жылқы жусатып,

Қой жайып,

Қоспен кірерміз!

Біз – көшпенділерміз!

Айдарымыздан алтын жел ескен дүр елміз!

Еуропаның түсіне аттылы түрк,

«Құж қалқып, қола сапырған» пешпен кірерміз!

Біз – көшпенділерміз!

Бабалар салған сара жол, көшпен жүрерміз.

Жүн түткен әже.

Сұр құмай.

Оқ жонған жігіт.

Нарығыңызға нар мініп кештеу кірерміз.

Біз – көшпенділерміз!

Бір кісідей-ақ дәуренді кешкен дүр елміз.

Маңдайымызды сүйдіріп көк Тәңіріне,

Арқамызды аруақ деспен тірерміз!

Біз – көшпенділерміз!

Уақыттан бәлкім азырақ кештеу жүрерміз.

Қымыз ашытып,

Қыз қуып,

Серке сілкілеп,

Тарпаң тұлпардың басынан шешкен жүген – біз!

Біз көшпенділерміз!

Біз көшпенділерміз!

 

Мирас Асан

 

 

 

 

Пікірлер