Антикор Astana LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасын жауап алуға шақырады

1022
Adyrna.kz Telegram

Антикор «Астана LRT» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Арданды тергеуге шақырды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Антикор ақпаратына сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана LRT» ЖШС басқарманың бұрынғы төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі тергеуде.

«Қазіргі уақытта ауыр қылмыс жасау бойынша тергеу барысында жиналған дәлелдемелер күдікті Ардан Т.-ның әрекетін Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы «Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» бойынша саралауға мүмкіндік берді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес, күдікті сотқа шақыру қағазымен жауап алуға шақырылады. Алайда, күдікті Ардан Т.-ның Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және шақыртудан жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 205-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні сотқа шақыру туралы хабарлама жариялайды», - делінген Антикор таратқан хабарламада.

Анықталғандай, жауап алу және күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау үшін Талғат Ардан 2024 жылғы 23 тамызда сағат 09:00-де Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына келуі керек.

Еске сала кетейік, Талғат Арданның бес жылдай іздеуде жүргені бұған дейін хабарланған болатын. 2023 жылдың мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған еді.

Пікірлер