ҚЫР БАЛАСЫ АУДАРҒАН ЖЕТПІС ЖЕТІ МЫСАЛ

8004
Adyrna.kz Telegram

Ойы жетім, бойы жетім,

Уа, Әли!

Ел ағасы, Қыр баласы,

Уа, пәлі!

            Мағжан [1. 63 б.]

 

ХХ ғасырдың басындағы қазақтың тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жердің болашағын, тілінің талқыға түскен тағдырын, сана мен дәстүрдің тұтастығын сақтау үшін қалың елдің жауапкершілігін мойынына жүктеп, басын бәйгеге тіккен тұлғаларымыздың бірегейі Әлихан Бөкейхан. "Жұрт үшін түс көрмей, ояу жүріп ізденген", қалың елдің рухани көсемі атанған Әлихан Бөкейханның көптеген беймәлім еңбектері баспа беттерін көріп, жалпы оқырманның  назарына жарияланып жатыр. Дегенмен, ғалымның тың еңбектері әлі де зерттелуде. Осы тұрғыдан алғанда Алаш арысының публицистикасына баса назар аударғанды жөн көріп отырмыз. Шыны керек, ұлт көсемінің есімін тек тарих саласында көптеп көретіндіктен бе, осы тұсымен ғана байланыстырып келдік. Алайда, Әлиханның публицистика саласына да  сіңірген еңбегінің теңіздей телегей екендігін әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлы тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп береді: "Алаштың ұлы Әлихан өзінің мақала-очерктерін 30-дан астам бүркеніш есімімен (псевдонимімен) жариялады. Олардың көпшілігін орыс тілінде пайдаланды. Қазір оның 1930 жылдардың ортасына дейін француздардың ықпалды "Фигаро" газетінде жарияланып тұрғаны туралы тың мәлімет анықталу үстінде.

Өзінің ғұмырында Әлихан төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде: "Иртыщъ", "Омичъ" және "Голосъ степи" газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш жалпыұлттық "Қазақ" газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тілінде "Темірқазық" және "Шолпан" журналын шығарып, 1925 жылдан бері шыға бастаған "Жаңа мектеп", "Әйел теңдігі" және "Сәуле" журналдарын алуға мұрындық болды" [2. 7-бет]. Жалпы, Әлиханның басылымдарда жарық көрген туындылары бүркеншік есімдермен жарияланып отырған. Солардың арасында "Қыр баласы" деген лақап ат көптеген пайдалы дүниелердің жарыққа шығуына себепкер болды. Тіпті, бұл есімі азан шақырып қойған атынан да асып түсіп, баршаға мәшһүр болған екен. "Қыр баласы" жөнінде әлихантанушы: "Әлиханның бүркеншек есімдерінің осы күнге дейін анықталғаны 30-дан асып жығылады. Олардың басым көпшілігін қазақ публицисі орыс тіліндегі публицистикасында қолданды. Санаулысы ғана, нақтырақ айтсам "Қыр баласы" "Сын степей" және "V" деген екі бүркеншек есімін ғана екі тілде қатар пайдаланды", - деп бұл есімнің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. [2. 10- бет]. Расымен де, Әлихан жайында дерек іздестіргенімізде "Қыр баласы" есімі қоса аталатыны, мақалаларының соңынан көптеп кездестіретініміз жалған емес. Алаш көсеміне арналған XV томдық жинақты қолыма алып, санамды ғана билетпей, жүрегіммен ұғына түскенімде тағы бір ғажап дүниеге тап болдым. Ол ұлт қайраткерінің аударманы да назардан тыс қалдырмай, газет-журнал беттеріне жариялап отырғандығы. Соның ішінде ерекше көзге түскені "Жетпіс жеті мысал" болды. Біз ұлт көсемі Ақымет Байтұрсынұлының мысал аударумен айналысқанын анық білгенімізбен, Әлиханның бұл қырынан хабардар емес едік. Сондықтан, бұл мысалдар жөнінде баса назар аударып жазғанды жөн көрдік. Мысалдар С. Аққұлының Әлиханға арнап басылған жинағының XII томында көрсетілген. "Қыр баласы" деген лақап атпен берілген "Жетпіс жеті мысал" жинағы 1925 жылы Мәскеу қаласында "Кеңес Одағындағы елдердің Кіндік баспасында" жарық көрген екен. Л.Н.Толстой мен Эзоптан және Үнді мысалдарынан қазақшаға аударылған еңбек VII бөлімнен тұрады:

I

ЭЗОПТАН

  1. Көк кептер мен құмырсқа.                24. Бақшашы мен балалар.
  2. Бүркіт пен тасбақа.                        25. Қасқыр мен тырна.
  3. Күзен.                                      26. Қояндар мен бақалар.                                                                    
  4. Арыстан мен тышқан.                     27. Әкесі мен балалары.
  5. Өтірікші.                                   28. Түлкі.
  6. Ат пен есек.                                29. Құл есек пен тағы есек.
  7. Ұзақ пен көк кептер.                       30. Бұғы.
  8. Қатын мен тауық.                           31. Ит пен қасқыр. 
  9. Арыстан, аю, түлкі.                         32. Маса мен арыстан.
  10. Ит, әтеш, түлкі.                            33. Ат пен иелері.
  11. Ат пен атшы.                               34. Шал мен ажал.
  12. Арыстан мен бақа.                         35. Арыстан мен түлкі.
  13. Құмырсқа мен инелік.                     36. Бұғы мен мейіз ағашы.
  14. Тауық пен алтын жұмырт  қа. 37. Мысық пен тышқан.
  15. Арыстанның терісін киген есек.           38. Қасқыр мен ешкі.
  16. Тауық пен қарлығаш.                      39. Ағаш пен қамыс.
  17. Бұғы мен лағы.                             40. Екі жолдас.
  18. Түлкі мен мейіз.                            41. Қасқыр мен қозы.
  19. Жұмысшы қатындар мен әте   ш. 42. Арыстан, қасқыр, түлкі.
  20. Балық пен балықшы.                       43. Арыстан, есек, түлкі.
  21. Түлкі мен теке.                             44. Кісі мен пері.
  22. Ит пен сурет.                               45. Қарға мен түлкі.
  23. Тырна мен аист.

Мысалдар қара сөзбен жазылған. Мазмұны қысқа әрі сөзі жеңіл болса да, оқырманға тастар түйіні ауыр. "Арыстан, аю, түлкі" мысалын алайық: 

«Бір жемтікке арыстан мен аю кез келді. Арыстан аюға, аю арыстанға етті қимады:тауып алған жемтікке таласып бірін-бірі жесті. Таласып, таласып, дымы құрып шаршап, арыстан да, аю да, сұлай-сұлай кетті. Екеуінің арасында жатқан етті түлкі көріп, жүгіріп келіп ала қашып кетті.» Дана халқымыз сөзден құры қалған ба?! Осындайда қызғанғаны қызыл итке бұйырыпты немесе таласқанға тас та жоқ деген ұтымды сөздер еске түседі. Қанымызда бар іштарлықты мысал ете отырып, бойымызды содан аулақ ұстауымызды ескертеді. Кейде тіпті жануарлардан да санасыз болып кететініміз өкінішті-ақ...

II

ҮНДІ МЫСАЛДАРЫНАН

 

  1. Жыланның басы мен құйрығы.               56. Сұңқар мен әтеш.               
  2. Жіңішке жіп.                                  57. Піл мен қасқыр.
  3. Енші үлесі.                                    58. Сепле, балықтар, шаян.
  4. Маймыл.                                      59. Пері мен меруерт.
  5. Маймыл мен бұршақ.                         60. Соқыр мен сүт.
  6. Сауын сиыр.                                  61. Қасқыр мен садақ.
  7. Үйрек пен ай.                                 62. Тордағы құстар.
  8. Шаң басқан қасқыр.                          63. Патша мен сұңқар.
  9. Амбар астындағы тышқан.                   64. Патша мен пілдер.
  10. Ең тәтті алма.                                 65. Дүниеде жамандық неден?

«Пері мен меруерт» мысалы назар аударайық: «Бір кісі қайықпен кетіп бара жатып, қымбат меруертін суға түсіріп алды. Кісі қайтып жерге түсті, шелек алып теңіздің суын үш күн, үш түн төкті. 

Төртінші күні теңізден пері шығып:

  • Суды неге төгесің? –деп сұрады.
  • Мен меруерт жоғалттым, сонан соң теңізді төгіп жатырмын, -деді.
  • Енді қашан тоқтайсың? - деп пері сұрады.
  • Теңізді тауысып құрғатқанда тоқтаймын, - деді.

Пері қайтып теңіз барып, жоғалтқан меруетті алып келіп кісіге берді. Мұнан шығар қорытынды: әрине, адам дүниенің соңына ешқашан жеткен емес. Дегенмен, өз мақсатын айқындар болса, арман міндетті түрде орындалады. Тек адал жолмен еңбек жүріп, аянбай еңбек ету қажет.

III

ТОЛСТОЙДАН

 

  1. Қасқыр мен аңшылар.          72. Қоян мен тазы
  2. Екі кісі.                         73. Емен мен жаңғақ.
  3. Кісі мен ат.                     74. Жұмыртқа басқан тауық пен балапандар.
  4. Екі ат.                           75. Ерлі-қатынды бөдене.
  5. Балта мен ара.                   76. Сиыр мен теке.
  6. Ит пен аспазшы.                77. Түлкінің құйрығы.

Осындағы «Екі ат» мысалын қарастырып көрелік: «Екі ат екі жүк алып келе жатты. Алдыңғы ат тоқтамай жүріп келеді. Соңғы ат тоқтай-тоқтай жүріп келеді. Мұнан жүк алып алдыңғы атқа бірте-бірте сала берді:Жүктің бәрін алып алдыңғы атқа салған соң, соңғы ат босанып алып:»Азаптан, терле! Елгезек болсаң, азаптың бәрін саған тартқызады», - деді.

Кешке қонатын жерге келді. «Екі атқа жем беріп, бір атқа жүк артқанша, бір атты жақсылап күтейін, ананы сойып терісін алайын», -деп, қонған жерде ат иесі ойлады. Шабан атын сойып, терісін алды.» Шіркін, осындайда қазақтың керемет сөздері есіңе қалай түспес?! Өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле немесе біреуге ор қазба, өзің түсесің деген. Кейде жан тыныштығын қалап, тілімізге сеніп, асқақтап кететініміз бар ғой. Әйткенмен, жалған дүниенің алдамшы екендігін естен шығарып аламыз. Осының түп-төркініне бойлай білген ғалымның еңбектері ел жадында қалары анық.

IV

КҮН

V

МАГНИТ

VI

ҚАСҚЫР БАЛАСЫН ҚАЛАЙ БАУЛИДЫ?

VII

СЕЗІМ МЕН КӨЗ

Жалпы, Қыр баласының бұл туындысындағы келтірілген мысалдардың мән-мағынасын ұғынып қана қоймай, сол айтылған дүниелерді қорытып, нәтиже шығара білсек, өмірде жасап жүрген адами қателіктер мен кемшіліктерді ұғына түскен болар едік. Соншалықты тар заманда ҚАЗАҚ халқының өркендеуі үшін аянбай еңбек еткен ұлт жанашырларымыздың құнды шығармалары біз үшін алтыннан да бағалы болуы тиіс. Ғалымның ұлт мүддесі үшін жасаған ерен еңбектері, өшпес ерліктері заман жастары мен келер ұрпақтың саналы санасында мәңгілік жатталып қалмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бөкейхан Әлихан. Шығармалары – Сочинения / Әлихан Бөкейхан.             – Толықт. Екінші бас. Құрастырушы: Сұлтан Хан Жүсіп (Аққұлы).             – Астана:»Сарыарқа» баспасы.Т.XI. 2016. – Қазақша, орысша. –576 бет.
  2. Бөкейхан Әлихан. Шығармалары – Сочинения / Әлихан Бөкейхан.             – Толықт. Екінші бас. Құрастырушы: Сұлтан Хан Жүсіп (Аққұлы) .              – Астана:»Сарыарқа» баспасы.Т.V. 2016. – Қазақша, орысша. –616 бет.
  3. Бөкейхан Әлихан. Шығармалары – Сочинения / Әлихан Бөкейхан.         – Толықт. Екінші бас. Құрастырушы: Сұлтан Хан Жүсіп (Аққұлы).             – Астана:»Сарыарқа» баспасы.Т.XII. 2016.  – Қазақша, орысша. –568 бет.

Жансая СМАН

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер