Ақмола облысындағы ауылдарда 38 жаңа денсаулық сақтау нысаны ашылады

992
Adyrna.kz Telegram

Облыстың 43 мыңнан астам адам тұратын 14 ауданында 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндеті атқарушы Бауыржан Сыздықов мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық жобалар бойынша сараптама қорытындылары алынды. Алты нысан бойынша объектінің құрылысына талон алу бойынша рәсімдер жүргізіліп жатыр. Мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер 3 нысан бойынша қолға алынған. Ал қалған 29 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа, екі аураханада - Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасында және Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі медициналық мекемеде де жөндеу жұмыстары басталды.

«Медициналық техникамен жабдықталуына келетін болсақ, бұл көрсеткіш 2,7 пайызға артып, 83 пайыздан астамды құрайды. Өткен жылы ауылдық денсаулық сақтау объектілері үшін 111 бірлік медициналық техника сатып алынды. Бұл екі ангиографиялық қондырғы, төрт видеоэндоскопиялық кешен, компьютерлік томография, үш ультрадыбыстық диагностика аппараты, сандық рентгенография жүйесі. Бүгінгі таңда 63 бірлік медициналық техника сатып алынды. Бұдан басқа, келесі жылы Степногорск және Атбасар ауруханаларына МРТ аппараттары мен компьютерлік томографтарды сатып алу жоспарда бар», - деді Бауыржан Сыздықов.

Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы биылғы жылы жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеулердің арқасында денсаулық сақтау ұйымдары ғимараттарының тозуын 7,4 пайызға азайтуға қол жеткізілгенін атап өтті.

Саладағы ең өзекті мәселелердің бірі-кадр тапшылығы. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерін мамандармен қамтамасыз ету үшін дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің кадрлық резерві құрылды. Жалпы, ұйымдардың медицина қызметкерлерімен қамтылуы 90 пайыздан асады.

«Біз кадр тапшылығын 22 пайызға төмендете алдық. Сонымен қатар, аймаққа келген дәрігерлер әлеуметтік қолдау - төлемдер мен баспана алады. Биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларында 120 салалық маманның келуін күтеміз. Сонымен қатар, 35 адам еліміздің жоғары оқу орындарына кіші мамандықтар бойынша оқуға жіберіледі, оған қоса, «жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриатқа 50 грант бөлінеді. Сондай-ақ Көкшетау жоғары медициналық колледжінде медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс бойынша 245 грант бөлінді», - деп толықтырды Бауыржан Сыздықов.

 

Пікірлер