17 қаңтарда Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан Ресейге ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында Ресей президенті Владимир Путин мен Иран басшысы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен өңірлік мәселелерді талқылап, стратегиялық әріптестік туралы маңызды келісімге қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Келісім қорғаныс, лаңкестікпен күрес, энергетика, қаржы, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ғылым және технология сияқты салаларды қамтиды. Бұл келісімнің мақсаты – екі ел арасындағы ұзақ мерзімді және жан-жақты ынтымақтастықты нығайту.
Сапар барысында Иран президенті Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен де кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, гуманитарлық және көлік-логистикалық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сарапшылар бұл келісімді екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам ретінде бағалауда. Таяу Шығысты зерттеу орталығының сарапшысы Фархад Ибрагимов бұл құжат Ресей-Иран байланыстарын стратегиялық серіктестік деңгейінде бекітетінін атап өтті.
Сонымен қатар, бұл келісімнің Иран экономикасының өсуіне, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге және "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізінің дамуына ықпал етуі күтілуде.