Әділет органдары функцияларының бірі болып заң көмегін ұйымдастыру және көрсету, құқықтық насихат жұмысын жүргізу болып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшелігінде 221 адвокат, БҚО заң кеңесшілері палатасында 252 заң кеңесшісі бар. Облыста 110-ға жуық заңгер белгілі бір санаттағы азаматтарға заң көмегін тегін көрсетеді. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының 26-бабында көрсетілген. Осы орайда саланың құқықтық саясатты іске асыру, құқықтық қамтамасыз ету жұмыстары туралы БҚО Әділет департаментінің басшысы Әлия Тасыбаеваны сөзге тартқан едік.
Әлия Әнесқызының мәлімдеуінше, департаментте алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға, жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не осы мәртебеге немесе жағдайға байланысты олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандарға, жеке тұлғаларға асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу тағы басқа мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсетіледі.
Заң көмегін алу үшін адвокаттар мен заң консультанттарына жүгінген кезде азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты және олардың әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаты болуы қажет. Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі:
Кез келген адам тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесі үшін мұндай көмек көрсету туралы өтінішпен оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен жүгіне алады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 130 млн. теңге бөлінді.
– Жарты жыл ішінде 5 000-ға жуық азамат тегін заң көмегін алды. Ауызша консультациялар түрінде – 2 358, қылмыстық істер шеңберінде – 2018, әкімшілік істер бойынша – 215 және азаматтық істер бойынша – 35 заң көмегі көрсетілді. Заң көмегінің сапасын бақылау саласындағы жұмысты әділет органдары мен өзін-өзі реттейтін ұйымдар нотариаттық палата, жеке сот орындаушылар палатасы, Адвокаттар алқасы және жеке практикамен айналысатын заңгерлер палатасы жүргізеді. Азаматтарға сапасыз немесе толық емес заңгерлік қызмет көрсету фактілері де орын алып жатады, бұл заңгерлердің тәжірибесіздігін көрсетеді, – дейді департамент басшысы.
Айта кету керек, соңғы 6 жылда мемлекет халықтың борыштық жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылдады, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының кепілсіз тұтынушылық кредиттерін өтеу, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару, банктерде қайта қаржыландыру рәсімінің тетігін қолдану қолға алынды. Қабылданған шараларға қарамастан, халықты несиелендіру деңгейі әлі де жоғары. 2018 жылдан бастап несие көлемі үш есеге өскен. Көбінесе азаматтар несие алған кезде өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін асыра бағалайды, сондықтан кейіннен атқарушы жазба шығару және борышкерлер тізілімінде болу сияқты жағдайлар туындайды
Әділет министрлігі өз кезегінде ТЖК Республикалық палатасымен, Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп, осы қызметті жетілдіру және тиісті бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылдауда. Заңнамаға сәйкес, ИН-нотариустың борышкерден өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу немесе басқа жылжымалы мүлікті талап ету туралы жазбаша өкімі. Жыл басынан бері облыс аумағында 121 жекеше нотариус жұмыс істесе, оның 90-ы Орал қаласында, 31-і аудандарда. Өткен жылы прокуратура органдары әділет органдарымен бірлесіп өңір нотариустарының атқарушылық жазба жасау тәртібі саласында бірқатар бұзушылықтарды анықтағанын айту керек.
Әділет департаменті жүргізген бақылаудың нәтижелері бойынша 5 нотариусқа қатысты Әділет министрлігі лицензиядан айыру туралы талап арыз берді. Қазіргі уақытта соттарда қаралуда.
Өз кезегінде Әлия Әнесқызы кредиттерді ресімдеу кезінде азаматтардың шарт талаптарымен, оның ішінде есептелетін пайыздармен мұқият танысқаны жөн екенін ескертті. Егер келіспеушілік себептері болса, келіспеушілік себептерін көрсете отырып, қарсылық білдіруге себептер болса, ИН алған кезде дереу нотариусқа хабарласқан дұрыс.
2023 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Нотариаттық қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасын іске қосты.
Қазіргі уақытта нотариустар үш түрі бойынша (ҚР барлық мемлекеттік органдарында және басқа да құзыретті органдарында, мекемелерінде, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда мүдделер ұсынуға; мұрагерлік істі жүргізуге; соттарда істер жүргізуге) және жұбайының бірлескен мүлікке билік етуге келісімі бойынша онлайн сенімхаттарды куәландырады.
«Egov-mobile» мобильді қосымшасы арқылы бейнеқоңырау арқылы халыққа нотариустың консультация алуға мүмкіндік беретін «Онлайн-консультация» сервисі енгізілді.Биылғы жылдың басынан бері облысымызда нотариалдық қызмет бойынша –78 үміткер, адвокатура бойынша – 47 үміткер аттестаттаудан өткен.
Ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында адвокаттың, нотариустардың, Заң консультанттарының, ТЖК, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен 329 құқықтық түсіндіру іс-шарасы өткізілді.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА