Заң нормалары қатаң сақталуы тиіс

119
Adyrna.kz Telegram

БҚО еңбек инспекциясы басқармасы Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Еңбек шартын жасасқан сәттен бастап, қызметкер мен жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып табылады. Жыл басынан бері Еңбек заңнамасының нормаларын бұзу фактілері және түсініктер беру бойынша 614 өтініш келіп түскен. Мәселенің мәнісін Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы басшысының орынбасары Арман Түйгінбетов тарқатты.

Арман Урашұлының айтуынша, өтініш білдіргендердің көбісі жалақыны және басқа да төлемдерді уақтылы және толық төлемеу мәселелерін, жұмыстан босату, тәртіптік жаза шараларын қолдану, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру мәселелерін алға тартады.

     –   Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жұмыс берушіге қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындау үшін, азаматтардың арыз-шағымдарында заңнама талаптарының бұзушылықтары бойынша сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болуы қажет. Растайтын дәлелдер келесідей болуы мүмкін. Қызметкерге қатысты жұмыс берушінің актілері, мысалы, «Жұмыстан босату туралы» бұйрық, жасалған еңбек шарты, зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер. Егер азамат өзінің өтінішіне еңбек заңнамасының бұзылғанын растайтын дәлелдемелерді қоса бермесе, онда біз азаматты жазбаша хабардар етеміз және азаматтың өз өтінішін заңнама талаптарына сәйкес келтіруіне уақыт береміз, атап айтқанда, еңбек заңнамасының бұзылу фактілер растайтын дәлелдемелер ұсыну туралы талап қоямыз, – дейді сала басшысының орынбасары.

Азаматтардың арыз-шағымдарында, заңнама талаптарының бұзушылықтары бойынша сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болса, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жұмыс берушіге қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындалады. Ағымдағы жылы азаматтардан келіп түскен өтініштердің негізінде, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың талаптары бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары 154 кәсіпорын мен ұйымды тексерген. Тексеру барысында 100 бұзушылық анықталса, 94-і еңбек қатынастары саласында, ондағы негізгі бұзушылықтар еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде және толық көлемде жалақы төлемеу; тәртіптік жазалау шараларының қолданылуы; еңбек шарты мазмұнының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі болып табылады.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша - 6 жағдай анықталған. ондағы негізгі бұзушылықтар құқықтық актілерді, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі құжаттарды әзірлеу және қамтамасыз ету бойынша, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқау беруді ұйымдастыру, білімін тексеру бойынша; қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша; емдік-профилактикалық тағаммен, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету бойынша.

Ал халықты жұмыспен қамту бойынша – ағымдағы жылы бұзушылықтар анықталмаған.

Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша 69 нұсқама беріліп, 10,106 млн. теңге сомасына 71 айыппұл және 48 ескерту салынған.

   Бүгінгі таңда облыстың 183 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізді.

Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлығы 26 жазатайым оқиға орын алып, 31 адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің 21-і ауыр нәтижемен, 8-і топтық жазатайым оқиғадан жарақат алса, 2 адам қаза тапты.

Жүргізілген жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексерудің нәтижелері негізгі себептер жұмыс жүргізу учаскесін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеу, қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқытудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ қызметкерлердің өздерінің өрескел абайсыздығы болып табылатынын көрсетеді.

Бұл, жұмыс берушілер қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқау беруді, білімін тексеруді жүргізбейтінін, қызметкердің еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберілетінін, алдын алу шараларын жүргізу арқылы жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелдердің алдын алу бойынша шаралар қабылданбайтынын көрсетеді. Сондай-ақ жазатайым оқиғаларды жасыруға жол беріледі.

       Еңбек саласындағы негізгі проблемалық мәселелер – бейресми еңбек қатынастары, азаматтарды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу, жалақыны «конвертпен» төлеу. Мұндай фактілерге көбінесе шағын және микро бизнес субъектілері  жол береді.

ҚР Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті, сондай-ақ адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Заңсыз жұмыс істейтін азаматтарда жалақы мөлшері тұрақты болмайды. Жұмыс берушінің қалауы бойынша азайтылуы мүмкін, еңбек шартында міндетті түрде еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары көрсетіледі. Жұмыс беруші зейнетақы қорына жарналар аудармайды, бұл одан әрі зейнетақы мөлшеріне теріс әсер етеді. Әлеуметтік аударымдар және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар жүргізілмейді, жұмыс істеген кезеңі үшін еңбек кітапшасында жазба болмайды, жұмыссыздық жағдайында ресімделмеген жұмыс кезеңі сақтандыру өтіліне есептелмейді, бұл жұмыссыздық бойынша көмектің мөлшері мен төлеміне әсер етеді. Ауырған жағдайда әлеуметтік жәрдемақы төлемі жүргізілмейді, өндірістегі немесе науқастанудағы жазатайым оқиға кезінде сақтандыру төлемдері жүргізілмейді;

Айта кету керек, қызметкерлер заңсыз жұмыстан босатылғаннан кейін, жалақы берілмегеннен кейін немесе өндірістік жарақат алған жағдайда ғана жұмыс берушінің іс-әрекетіне уәкілетті органдарға жүгінеді. Мұндай жағдайларда еңбек қатынастарын дәлелдеу әрдайым мүмкін болмайды.

Адамды еңбек шартын жасамай жұмысқа қабылдау жұмыс берушілер үшін де жағымсыз салдарға әкеледі.

Жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген айыппұл санкциялары көзделген. Сонымен қатар, бұл санкциялар сараланған.

 

–  Заңсыз еңбек қатынастарының себептері, біріншіден, кейбір жұмыс берушілер азаматтардың сенімін пайдалана отырып, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді болдырмау үшін, ауызша келісім негізінде еңбек шартын жасамай азаматтарды жұмысқа қабылдап, еңбегін пайдаланады. Екіншіден, кейде қызметкерлердің өздері зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды төлегісі келмейді, өйткені бұл жалақы мөлшерін азайтады және жұмыс берушілерге еңбек шарттарын жасамай жалақыны «конвертте» беруге Осылайша, еңбек шартын жасамау болашақта жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының басқа да бұзушылықтарына жол беруге себеп болуы мүмкін.

Алдыңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, ұйымдар мен кәсіпорындардағы еңбек қатынастары бойынша наразылық акциясының пайда болуының негізгі себебі жұмыс берушінің жалақыны уақтылы төлемеуі болып табылады, – дейді Арман Урашұлы.

Жалпы 2024 жылы прокуратура, мемлекеттік кірістер, еңбек инспекциясы органдарының, жеке сот орындаушылар палатасының бірлескен әрекетімен 33 кәсіпорында 495,375 млн. теңге сомаға жалақы бойынша берешекті өтеу қамтамасыз етіліп, 4807 қызметкердің құқықтары қорғалған, бұл да еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алуға ықпал етті. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер заңнаманың бұзылуына жол бермеуі тиіс.

 Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер