Мирас АСАН: Ең терең адамыңа – ең биіктен, Қол бұлғау – қоштасу ма, шақыру ма?

6619
Adyrna.kz Telegram

Асан Мирас Болатұлы 1987 жылы 13 мамырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының магистрі. Бүгінгі таңда жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. 2011 және 2012 жылдары «Соңғы раушан», «Бекзат», «Сүйесің, жүрек, сүйесің» кітаптарының авторы.
Т.Айбергенов атындағы мерекелік медальдің иегері.

*
Жаралған өзің емес, жат ұғуға,
Сұрақ көп балдан гөрі жақын уға...
Ең терең адамыңа – ең биіктен,
Қол бұлғау – қоштасу ма, шақыру ма?

Айта алмау қандай азап – сыр ашып түк,
Бақытқа тым кешіктік, тым асықтық...
Махаббат деген не ол, белгілеңіз:
А) тағдыр
Ә) дос болу
Б) ғашықтық

Сезімнің ақыл мәңгі – қарсыласы,
Тартысты ағарғанша таң шұғасы...
Қиянның иығыңда ауыр жүгі,
Қиялдың миығыңда тамшы жасы...

Өтесің сен де мендей, тынып іштен,
Сорыңды бақытыңнан қылып үстем!..
Тар жерде тағдыр деген құбыжыққа,
Тап болып сезім деген құбылыспен...

*
Сөзден тәтті жоқ,
Иісе таңдайға!
Сөзден қатты жоқ,
Тисе маңдайға...

Өксік көмейді
Қырнап, қажайды...
Тартыс көбейді,
Таныс азайды...

Жолым тым батпақ,
Ұшты шолжаң бақ...
Бөздей қымбаттап,
Сөздей арзандап...

Тағдыр – би, төре,
Тықты түнекке...
Ақыл – жүйкеде,
Ақын – жүректе...

Жұмсақ қате үшін,
Қатты кетістік.
Бала – зат есім,
Қорықты – етістік.

Жүрек жыр беріп,
Рәуіш ашылар...
Жүйке сыр беріп,
Реніш басылар...

Бәрі – өтпелі,
Жалған – қып-қысқа...
Алла көктегі,
Жалғыз түпнұсқа!

 

*
Бұл күз бізді неге есіне түсірді?
Қарсы отырмыз – бақыттылау пішінді...
Даяшы ұл дәм мәзірін әкелді,
Даяшы қыз ән мәзірін ұсынды...

Кезек-кезек ойнап жатқан саз да, Алла-ай,
Суыртпақтап сыр тартады сөз барлай...
Күллі әннің кейіпкері сен сынды,
Күллі әннің мәтінін мен жазғандай...

Бұл не сезім,
батты әп-сәтте жан мұңға,
Махаббат па,
басқа салған тағдыр ма?
Ойша бидің құшағында тербелдік,
Ойша үйдің тұрдық ұзақ алдында...

Сен алыстап, жақындауда өзге алыс,
Боза түскен бода-бода боздады іш...
Сені мүлде сүймегендей бұрылыс,
Мені мүлде сүймегендей қозғалыс...

Ғашықтықтың сырқаты іште қашанда,
Екі бетте қарсы отырмыз қос арна...
Тік қарауға болушы еді, о саған?
Тіл қатуға болушы еді, о сонда?

Үнсіз іштен төгіл, төгіл ән-жырым,
Үнсіз іштен егіл, егіл жан гүлім...
Бұл шақ менің ең аяулы сезімім,
Бұл сәт менің ең аяусыз тағдырым.

Ұлым кетіп барады мектебіне

Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған,
Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған,
Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген,
Дәптері де су жаңа тысталмаған,

Ұлым кетіп барады мектебіне,
Биік шыңға балапан беттеді де!
Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл,
Қолы құлын жалына жеткені ме?

Әліппесін қолтыққа қысқан көкем,
Әріп көшін танымақ ұстам бекем!
Сондай құштар өмірге, сондай ынтық,
Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен?

Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған,
Тақта да үлкен, білемін, парта да оған...
Бес күн жалған ой жүгін барады асып,
Бестегі ұлым ойыны тарқамаған...

Білім – бәйге, жарысқа жан сал күшпен,
Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем.
Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды,
Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен.

Алда сенің ақ арман, арай гүлің,
Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн:
Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме,
Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла, ұлым.

Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған,
Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман.
Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс,
Бірді бірге соғудан сақ бол, балам.

Ақтап үміт, арқамның босат жүгін,
Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн!
Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған,
Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым.

Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен,
Шындыққа да берік бол шыған көшкен.
Алты құрлық, төрт мұхит – барлығын сүй,
Алты Алашты бірақ та шығарма естен.

Кетпес, білем, кей сөзім бірден ұнап,
Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ.
Ала допты болады сәл қууға,
Ала жіпті аттама мүлде бірақ.

Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң,
Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң.
Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап,
Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам.

Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай,
Сол жолдарда ағартқан әкең самай.
Мектепке анаң апарса қалай бүгін,
Меккеге ертең сен де оны апар солай!

Көздерімде қуаныш лағылы ойнап,
Қадамыңа қараймын бәрін ойлап...
Тарыдай боп мектепке кірген саған
Таудай талап тіледім, тарыдай бақ.

Кереғар – ІІ

Көктемде құспен келдің,
Шатырдан жас боп тамдым.
Шарапты ішкен менмін,
Сен неге мас боп қалдың?

Көктемде гүлмен келдің,
Үзіліп түскен әнмін.
Күршекті ілген менмін,
Сен неге іште қалдың?

Көктемде құспен келдің,
Қыратта гүл боп өндім.
Көліктен түскен менмін,
Сен неге бірге келдің?

Көктемде хат боп келдің,
Қанаты, бұл ақ құстың.
Тапанша, ат деп бердім,
Сен неге құлап түстің?

 

*
Ойлары сарылып күні-түн,
Жылдардың алдына тосқаны у!..
О, неткен сыпайы ұмыту?
О, неткен шынайы еске алу?

Өңіне жұлдызды түн ұйып,
Деміне жұпарлы гүл шығып,
Сыртынан әдемі жымиып,
Ішінен әлдебір күрсініп...

Үнсіздік тұтқасын алады,
Жалғыздық есігін іледі...
Бейсана мөлт етіп жанары,
Бейуақыт ауырып жүрегі...

Еш әсер етпестей өзге шу,
Матайды сезімін алтын жіп...
Ойында ғажайып кездесу,
Бойында ғаламат салқындық...

Біресе қаталап шөлдейді,
Біресе қалықтап ұшады...
Ұмыту қолынан келмейді,
Ұмтыла береді құшағы...

Бұл дерттің жоқ дәйек, дерегі,
Жоқ тіпті тілегі, сұрағы...
Бірдеңе жазғысы келеді,
Бірдеме жібермей тұрады...

*
Бітпеген бүгінгі дау – кешегі егес,
Көз алды көне керуен көшеді елес...
Дауығып алған бұл күй мәңгі мендік,
Сауығып сыртқа шығар шешек емес...

Балаққа шұбатылып шынжыр қоғам,
Тамаққа тіреледі қынжылған ән...
Әзіл сөз тісімдегі тым жылмақай,
Әділ сөз ішімдегі мың жыл бодан...

Бостандық айтам жырын сөзім ұшып,
Бодандық артам жүгін тезі қысып...
Әз басым ермек екен, ел тепкілеп,
Көз жасым кермек екен, өзім ішіп...

Шыжық боп содан ылғи қызық көп кей,
Өте алмай арғы бетке жүзіп беттей,
Өрнегін өлеңімнің бұзып алмай,
Өрмегін шешекемнің үзіп кетпей...

*
Бар ғұмыр жатқандай сәтте аздау,
Мәжнүнге елес те – шын медеу.
Сағындым дегенің – хат жазбау,
Сүйемін дегенің – үндемеу.

Арамыз алыстап – тым жырақ,
Өткелдер айналды қамалға!..
Шаттықтар көздегі тұнжырап,
Шық болып тұнады жанарға...

Сені ойлау – жабыққан жанды емдеу,
Сені айтып ішпеген суым — у.
Ғашықпын дегенің – мән бермеу,
Өртендім дегенің – суыну.

Жүрегің – жағалау, көзің – көл,
Мен кешкен бұл күйді кешіп көр?
Айтуға болмайтын сезімдер –
Ашуға болмайтын есіктер...

*
Бүгін ойлар ғарыш сынды,
Бүгін сөздер нұр сынды.
Бүгін жат та таныс сынды,
Бүгін тікен гүл сынды.
Бүгін тағдыр тым жайдары,
Бүгін бақыт тым жақын.
Бүгін тәтті – мұң қайнары,
Бүгін ғалам – сырлы ақын.
Бүгін әуен дұға сынды,
Бүгін ауа көк сынды.
Бүгін ренжу күнә сынды,
Бүгін қылмыс жоқ сынды.
Бүгін көздер – жарық Ай, Күн,
Бүгін сана – құс жолы.
Бүгін түйсік – тәңірі ойдың,
Бүгін ми – хат үстелі.
Бүгін сезім толқын сынды,
Бүгін сенім тау сынды.
Бүгін қола алтын сынды,
Бүгін науқас сау сынды.
Бүгін жұмбақ мендік той бұл,
Бүгін қысқан қол ыстық.
Бүгін құшақ – ендік-бойлық,
Бүгін жүрек – кеңістік.

 

*
Сезімнен асқақ естелік,
Таппадым түйсік түбінен!
Есімде сонда, қош дедік,
Баламыз сонда, шынымен...

Алыстай бердік... арада,
Сан жылдар құрды салтанат...
Жақындай бердік санада,
Жарқ еткен сәуле – жалқы абат.

Сол шырақ бірде – шақырды от,
Санаға бермей тіпті ерік...
Бөгеттер кенет көпір боп,
Бөтендер бізді жұп көріп....

Тұрғандай ғажап күй кешіп,
Тұманға кірдік, жоқ тағат!
Қиялда кеттік үйлесіп,
Қиыны — тағдыр ноқталап!..

Көз алдым иран гүл шырай,
Басылмай елік-аптығым...
Ізіме түскен тыңшыдай,
Ішіме түсті тәтті мұң...

Сол сезім әлі жүр арбап,
Сейілтіп күйкі түнекті...
Шеңберден кетіп шығандап,
Шеңгелге жыртып жүректі...

 

*
                                      Сосын Лаура қосылған шай ішемін.

                                                                              ©Ә.ӘЛІШЕР 

 

Менмін сенің бар айналаң,
Ай.
Күн.
Жұлдыз.
Жымың қаққан.
Қоңыраумын жаңа ойнаған,
Аппақ таңмын бүгінгі атқан.

Сен тоқтатқан көлік менмін,
Сен төлеген ақша да — мен.
Маған жаурап тоңып келдің,
Мезгіліңмін ақсары әлем.

Қолайнаңмын,
Тарағыңмын,
Қолшатырмын қолыңдағы.
Күртешеңмін қара-күлгін,
Жиектаспын жолыңдағы.

Менмін тыныш жұмыс бөлмең,
Менмін дәптер, кітаптарың.
Менмін — жауап дұрыс көрген,
Менмін — торғай бұтақтағы...

Сағатыңмын сыртылдаған,
Батырмаңмын басылмайтын.
Күнтізбеңмін жыртылмаған,
Терезеңмін ашылмайтын.

Жазған жұмбақ пәк сыр небір,
Қаламыңмын үстелдегі.
Есігіңмін ақшыл қоңыр,
Менмін жаңа түстенгенің.

Кеше түнде селмін құйған,
Ертең соғар желмін кері.
Шықпаған ой менмін мидан,
Альбомды емес, көрдің мені...

Не бар — солмын, тағы неңмін,
Жасың,
Тегің,
Атақ,
Атың...
Айналаңның бәрі менмін,
Айналайын,
Махаббатым!

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер