Ғылым және жоғары білім министрі мемлекеттік грант иегері атана алмаған түлектерге кеңес берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министр Саясат Нұрбек гранттан құралақан қалған түлектерге мүмкіндіктер тізімін ұсынып, үміт үзбеуге шақырды. Бұл хабарлама ғылым және жоғары білім министрлігінің телеграм желісіндегі ресми арнасында жарияланды.
«Соңғы уақытта елімізде болған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты жоғары білім гранттарының аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Кешегі ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, біз де бірге қуандық. Бірақ, өкінішке қарай, грант ала алмаған түлектер мен отбасылармен де біргеміз. Көптеген адам министрлікке, маған хабарласып, жазып жатыр, ал осы нәтижені сабырмен қабылдағандар да бар екен. Айтайын дегенім, үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар!», — дейді Ғылым және жоғары білім министрі Telegram парақшасында.
Биыл елімізде су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды.
Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды.
Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжат тапсыру үшін мерзімі ұзартылып, конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілгені анықталды.
Жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмаған. Оның 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша ҰБТ тапсырған түлектер болып шықты.
«Құрметті түлек, қадірлі ата-ана біздің мақсатымыз — ел экономикасына қажетті кадрлар дайындау. Грант алу мүмкіндіктеріңіз қайталап жазам әлі де бар», — деген Саясат Нұрбек өзге гранттарды тізіп берді.
— 3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі.
— Жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдік гранттары бар.
— KazEnergy қауымдастығының гранттарын қосыңыз.
— Х. А. Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты.
— Жұмыс берушілердің гранттары.
— Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті 800 мақсатты грант ұсынады.
— Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі.
— Ректорлар гранты, мысалы Тұран-Астана университеті Алтын белгі иегерлеріне гранттар бөлуде.
— Сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар.
«Грант ала алмаған түлектерді осы жоғарыдағы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырамыз», - дейді министр.