Бокстан бірнеше рет үздік өнер көрсеткен Бақыт Сәрсекбаев Париж Олимпиадасында сынға түсіп жатқан Нұрбек Оралбайға сәттілік тілеп, ағалық ақылымен бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсебаев Парижде жартылай финалға шыққан Нұрбек Оралбайға жақсы тілегін жеткізді.
"Ағайын, мына бір нәрсені түсінуміз керек. Олимпиада ол әкеңнің төрі емес, ешкім басыңнан сипамайды. Олимпиадаға соғысқа дайындалғандай дайындалып, тас түйін болып баруың қажет. Төрт жылда бір келетін, тек мыңнан бір спортшының өмірінде кездесетін додаға әркім де алтын аламын деп барады. Бұл жерде тең дәрежеде жекпе-жек көрсеттің бе, демек мүмкіндік жоқ. Тек қана айқын басымдылық қажет. Бір емес, екі бас жоғары болсаң ғана жеңісті жұлып алуға болады. Енді үміт Нұрбек сенде! Бүкіл қазақ тілеуіңді тілеп отыр! Бокстың түсіп бара жатқан абыройын көтеріп, бәрімізді бір серпілтіп тасташы!", - дейді Бақыт Сәрсекбаев.