Оралда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру мәселесі бойынша дау шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі uralskweek.kz-ке сілтеме жасап.
2023 жылдың 13 шілдесінде Альмира Қарасаеваның Строитель шағынауданында орналасқан бір бөлмелі пәтерді алу жайлы өтініші 6 күн ішінде қаралған. Тексеріс барысында әйелдің әділет басқармасының қызметкері, әрі сол уақытта ТКШ секторын басқарған Әлихан Мыңжасаровтың зайыбы екені анықталды.
«Әдетте үй алу үшін азаматтар бірнеше ай бойы жүреді. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір Оралда тұрғын үй кезегінде 21 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен адамдар, көпбалалы отбасылар мен балалар үйі тәрбиеленушілері де бар. Ал Альмира Қарасаеваның өтініші қысқа уақытта қаралған. Өтінішке сол кездегі ТКШ бөлімінің жетекшісі Азамат Халелов қол қойса, келісімді әкім орынбасары Жандос Дүйсенғалиев бекіткен. Өтінішті орындаушы сол уақытта ТКШ секторын басқарып отырған Әлихан Мыңжасаров болған, ол Альмира Қарасаеваның заңды жұбайы еді. Ол өтінішке өзінің жұбайы жайлы ақпарат қоспапты»,–деп жазды жергілікті басылым.
Альмира Қарасаева қазіргі уақытта Әлихан Мыңжасаровпен ажырасып жатқанын хабарлады. Ал қала әкімдігі сөз болып отырған пәтердің әкімдік балансында екенін, үйді алған мемлекеттік қызметкердің тек коммуналдық төлемдерді төлеу керектегін мәлімдеді.