«Таза Қазақстан»: денсаулық пен экология үшін пайдалы

752
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бурабай курортындағы Абылай хан алаңында республикалық плоггинг өтті.

Плоггинг екі заманауи тенденцияны біріктіреді-салауатты өмір салтын қалыптасыруды насихаттау және қоршаған ортаға қамқорлық. Оны жалғыз және топпен жасай аласыз: жүгіруге шыққанда, қоқыс пакетін өзіңізбен бірге алып, жүгіріп келе жатқанда, оған жол бойындағы қоқыстарды жинаңыз. Міне, соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде қызығушылық артып келе жатқан плоггинг Қазақстанда да кеңінен қанат жая бастады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп өткізген шараның мақсаты – Бурабай ауданы тұрғындары мен туристерінің, әсіресе жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, патриотизм құндылықтарын насихаттау, «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарау болып табылады.

Денсаулық пен экологияға пайдалы уақыт өткізу үшін Бурабайда үш жүзге жуық адам жиналды, олардың арасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің, азаматтық сектордың өкілдері, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» республикалық жастар қанаты, Қазақстан студенттер Альянсы, Бурабай, Бұланды және Біржан сал аудандарының жастар ресурстық орталықтарының белсенділері,  студенттер мен еріктілер қатысты.

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев экологиялық акциясына қатысушыларды құттықтап, белсенділіктері үшін алғысын айтты. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» ұзақ мерзімді акциясына ақмолалықтар бірінші күннен бастап белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті.

Плоггингке қатысушылар екі топқа бөлінді, біріншісі Абылай хан алаңындағы қоқыстарды жинаса, екіншісі Бурабай көлінің жағасын қоқыстан тазартты.

Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған сәттен бастап Ақмола облысында 550-ден астам елді мекен қамтылып, бірнеше жүз тонна тонна жиналып, полигондарға жөнелтілді. Акцияның тақырыптық апталарында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылды, ағаштар мен бұталар отырғызылды, өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстардан тазартылды, балалар ойын алаңдары ретке келтірілді, тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттардың қасбеттері жөнделді.

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасында атап өткендей, сәуір айынан бастап өңірде барлығы 3,5 мыңға жуық аумақты абаттандыру және тазалау шаралары өткізілді, оған кемінде 500 мың ақмолалық қатысты.

Пікірлер