Ақмола облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны артып келеді

758
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда Ақмола облысында жалпы контингенті 38 мыңға жуық тәрбиеленушісі бар 600-дей мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Бұл 258 балабақша мен 338 мектепке дейінгі шағын орталық.

«Мектепке дейінгі ұйымдарды енгізу мен ашудың 2024-25 жылдарға арналған түзетілген қадамдық жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 1600-ден астам жаңа орын құру жоспарлануда. Бұл 1381 орындық 10 мектепке дейінгі ұйымның ашылуы және жұмыс істеп тұрған 7 мектепке дейінгі ұйымның 242 орынға кеңеюі» - деп бөлісті облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Андрей Майбах.

Жыл соңына дейін 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспарланып отыр.

2024 жылдың басынан бері 545 жаңа орын құрылды. Целиноград, Ерейментау және Шортанды аудандарында 391 орындық 3 жекеменшік балабақша ашылды.

Жұмыс істеп тұрған 5 балабақшада қосымша 150-ден астам орын құрылды.

Айта кетейік, облыста 1286 орындық 5 балабақша құрылысы жалғасуда. 280 орындық балалар мекемелері Целиноград ауданы, Қосшы қаласы, Красный Яр ауылы мен Көкшетау қаласында және 166 орындық мобильділігі төмен топтар үшін Көкшетау қаласында салынып жатыр.

Пікірлер