Ғалымдар құс шаруашылығына көңіл бөлді

769
Adyrna.kz Telegram

Оралдық ғалымдар Батыс Қазақстан облысында құс шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосуда. Осы бағытта ҚР Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің гранттық қаржыландыру жобаларын ұтып алып, нәтижелі жұмыстар жүргізуде.  

Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығындағы ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бүгінгі таңда құс шаруашылығы ауыл шаруашылығының перспективалы бағыты болып табылады.

Ғылыми тұрғыдан зерделесек, шаруашылықтың бұл түрі ет пен жұмыртқа алу үшін құс өсіруге бағытталған ауыл шаруашылығы саласы ретінде сипатталады.

Оралдық ғалымдар, атап айтқанда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми қызметкерлері 2021-2023 жылдары бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша «Құс шаруашылығында селекциялық процесті тиімді басқару технологияларын әзірлеу» атты жобамен жұмыстанған болатын. Еліміз бойынша жүзеге асырылатын бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясындағы бағдарламаны Жәңгір хан университетімен бірге С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бірлесе орындаған. Осы жобаны іске асыру барысында 2022 жылдың мамыр айында  Оралға Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтына қарасты Бескөл құс фабрикасынан үйректің 100 балапаны әкелінген. Университет ғалымдары оларды өсіріп, зоотехникалық көрсеткіштеріне зерттеулер жүргізді. Ғылыми зерттеулер нысанасы болған үйректер 2023 жылдың көктем айларының басында жұмыртқа бере бастады. Бұл жоба нәтижесіз болмады. 2023 жылдың соңында ғалымдар өнертабыстар мен селекциялық жетістіктерге үйректің «Аңсар» кросы, «А1 Аталық желі» және «А2 Үйректің аналық желісі» бойынша патенттер иеленді. Сонымен қатар халықаралық журналдарға ғылыми мақалалар жарияланды.  

– Сол жылдың басында құс шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру мақсатында гранттық қаржыландыруға өтініш берген едік. Нәтижесінде мамыр айында тағы бір жобаны ұтып алдық. «БҚО-дағы суда жүзетін құстардың етін өндіруді интенсификациялаудың технологиялық негіздемесі» деп аталатын жоба қазіргі уақытта жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоба аясында университеттегі  үйректердің қатарына қаздар қосылды. Жоба бойынша бірлесіп қаржыландыру шеңберінде үй құстары арнайы базалық шаруашылықтан алынды. Яғни, Астанадағы «Қазақбас» шаруашылығында өсілетін қаздың «Линда» тұқымынан 100 бас және Бескөл құс фабрикасынан 100 үйрек алдық, – дейді осы жобаның орындаушысы, PhD докторы Аружан Нугманова. Осылайша БҚАТУ-дың шаруашылығындағы суда жүзетін үй құстарының жалпы саны 300 болды. Ғалымдар оларды түрлі көрсеткіштер бойынша зерттеп-зерделеп келеді.

Үй құстары биылғы жылдың басында жұмыртқалай бастады. Ол жұмыртқалар инкубацияланып, 200 шақты балапан шығарылды. Қаз бен үйректен бөлек тауық жұмыртқасы да инкубацияланды. Бұл жоба аясындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Күз айларында құстар арнайы зертханада сойылады. Әрине, әр жобаның бағыты, мақсат-міндеттері әртүрлі. Үй құстары университеттің «Жәрдем-Вет» ғылыми-өндірістік орталығында өсірілуде. Сондай-ақ құс шаруашылығы тақырыбын зерттеп жүрген докторанттар мен магистранттар да жетекшілерімен бірге сол жерде жұмыстанады.

Енді оралдық ғалымдар бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша биылдан бастап жүзеге асырылатын жатқан тағы бір жобаға кіріскелі отыр. «Селекциялық-технологиялық әдістер мен ақпараттық технологиялар арқылы суда жүзетін құстарды өсірудің тиімді әдістерін әзірлеу» атты агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытуға бағытталған бұл жобадан да үлкен нәтижелер күтіледі. Біздің ғалымдарымыз үйректердің ауруларын диагностикалау бойынша мобильді қосымша әзірлеу, инкубациялық және тауарлық жұмыртқаларды зерттеу үшін цифрлық шағын өлшемді машинаның эксперименттік үлгісін дайындау секілді жұмыстарды қолға алмақ.  

Осы жобаларды жүзеге асыру барысында ғылыми-өндірістік орталыққа жұмыртқа салатын екі инкубатор, зерттеулерге қажетті жем-шөп қоспалары алынды. Үйректердің«Аңсар» кросы, «А1 Аталық желі» және «А2 Үйректің аналық желісі» тұқымдары өңірдегі құс шаруашылығымен айналысатын шаруаларға таратылуда.

 Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер