Утилалым мәселесі. Петицияны қанағаттандырудан бас тарту ұсынылды

1141
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Бүгін, 15 шілде Алматыда утиль алымы мәселелері жөніндегі петиция бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Қоғамдық тыңдауға ҚР ӨҚМ, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, салалық қауымдастықтардың, көлік өндірушілердің өкілдері, Парламент депутаттары, белсенділер мен қоғам белсенділерінің бастамашыл тобы қатысты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев «Утиль алымына жол жоқ» қозғалысы 2019 жылдың желтоқсанында құрылғанын, алайда автокөліктерге утиль алымы үш жыл бұрын енгізілгенін атап өтті. 2019 жылы утиль алымы ауыл шаруашылығы техникасына енгізілген.

«Утиль алымына қарсылардың негізгі шағымдарының бірі автокөлік өндірушілері КТС төлемейді деген айыптау болды. Дегенмен, соңғы бес жылда автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындары КТС-ті қосқанда бюджетке 116 млрд теңге салық түсірген. Қазақстандық автоөндірушілерге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін нақты локализация талаптары қойылып, өнеркәсіптік құрастыру бойынша келісім-шарт міндеттемелерінің орындалуы және автоөндірушілердің салық пен кеден заңнамасын сақтауы ҚР ӨҚМ, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті және басқа да уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында», - деді Бектібаев.

Ол сондай-ақ белсенділердің «утиль алымы олигархтардың қалтасына түседі» деген сөзін жоққа шығарды. ӨҚМ өкілінің айтуынша, «Жасыл даму» АҚ барлық қызметі туралы есептерді, соның ішінде аудиттен өткен қаржылық есептілікті жариялайды. Осылайша, АҚ жұмысы айқын және ашық.

Бектібаев бастамашы топтың Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне қатысты, оның экономикалық тұрғыдан тиімсіз және дұрыс дамымай жатқандығы туралы мәлімдемелеріне де қарсы дәлелдер келтірді.

«Тек 2023 жылы Қазақстанда 150 мыңға жуық автокөлік шығарылды, 2022 жылмен салыстырғанда бұл 30%-ға өсті. ...2025 жылдың соңына дейін жинақтаушы бұйымдарды өндіру бойынша 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, нәтижесінде өндірілген өнімнің өзіндік құны төмендейді. Жаңа жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 760 млрд теңгеден асады, оның ішінде автомобиль бөлшектеріне 403 млрд теңге”, – деді ол.

Сонымен қатар, Әділбек Бектібаев үшінші елдерден автокөлікті заңсыз әкелуге жол бермеу мақсатында ҚР ӨҚМ тарапынан ұсыныстарын айтты.

Одан бөлек,талқылау қорытындысы бойынша Әділбек Бектібаев петиция шешімінің алдын ала жобасын ұсынды.

"Петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа жанаспайтынын ескере отырып, сондай-ақ шешім жобасын жария талқылау барысында қосымша негіздемелер ұсынылмағанын ескере отырып, петицияны қанағаттандырудан бас тарту ұсынылады. Түпкілікті шешім ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-6-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде қабылданады", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін утилалым туралы автосарапшы Сұңқар Тұрсынұлының пікірін жариялаған едік. 

Пікірлер