«Утилалымды 2 есе арзандатса да қымбат. Консенсус табу керек»

1762
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 2016 жылдан бері енгізілген міндетті утилизациялық алымның дауы тоқтар емес. Үкімет “отандық автокөлік өндірісін” дамытамыз десе, бір топ утилизациялық төлем мен автокөлікті алғашқы тіркеу алымын көрінеу «тонаушылық» деп атап, оның есебінен әлдекімдердің байып отырғанын алға тартып, «әділетті утилизациялық алым жүйесін орнатуды» талап етуде. Тіпті, петицияға 50 мың қол жинап, үкімет қорытындысын күтуде. Бұның түбі не болмақ? Қандай болжам бар?

Бұл туралы автосарапшы Сұңқар Тұрсынұлынан сұрап білдік. Маманның айтуынша, Қазақстандықтар мініп жүрген автокөліктер тым ескі, жартысына жуығына 20 жылдан асып кеткен.

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨТСЕ ДЕ ХАЛЫҚТЫҢ КӨЛІГІ ТОЗҒАН

Автосарапшы Сұңқар Тұрсынұлы екі есе төмендетілген утилалымнан халыққа қайыр болмай отырғанын айтады. Отандық өнімді тұтыну артса да, оны халықтың бәрі бірдей көтере алмай отыр.

- Қазір утилалымды екі есе арзандатса да, қарапайым халыққа ауыр, тым қымбат болып тұр. Бұрын бұл кедендік салықпен пара-пар болды. Шу көбейгеннен кейін екі есе азайтты. Негізінде бұны үкімет отандық өндірушілерді қолдауға бағыттағанымен, кедендік алым, баж салығы өте жоғары. Бұл қарапайым халыққа кері әсерін тигізіп жатыр, - дейді Сұңқар Тұрсынұлы.

Ол соған қарамастан отандық көліктер саудасы қызып тұрғанын айтады.

- Иә, отандық өндірушілердің көлігі қазір жақсы өтіп жатыр. Бірақ, халық қолданып жүрген көліктер бұрынғыдан да тоза түскен. Қазақстандықтар мініп жүрген автокөліктер тым ескі, жартысына жуығына 20 жылдан асып кеткен. Оны статистикалық деректерден анық аңғара аламыз, - дейді автосарапшы.

«КОНСЕНСУС ТАБУ КЕРЕК»

Утилалымды алу, немесе тағы да төмендету, немесе отандық көліктер өнідірісін доғару – осының арасында қайсысын ұстанған жөн деген мәселеге орай Сұңқар Тұрсынұлының өзіндік ұсынысы бар.  

- Жағдай осылай қайшыласып жатқан соң бұл жерде консенсус табу керек. Мысалы, Ресейде, қателеспесем үш жылда бір рет утильалымын азайтқан күйде бір көлікті әр адам өз атынан кіргізе алады. Сондай тәжірибені пайдаланса, онда халықтың үкіметке деген наразылығы басылар деп ойлаймын,- дейді Сұңқар Тұрсынұлы.

Автосарапшы қоғамдағы қазіргі қарсылықтың да әсері болмай қоймайды деген пікірде.

– Менің болжауымша, утилалымға наразылық автокөліктердің сәл арзандауына алып келеді. Шамамен, 10 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Негізінен, ең көп сұраныста болған көліктер мен жаңа көліктерге халықтың қаржысы жете бермейді, несиеге де шамасы келмейді. Сондықтан халық қолданыста болған көлік алғысы келеді. Ал қолданыста болған көліктің утилалымы оның бағасына үлкен әсер етіп отыр. Егер утилалым азайтылса, немесе айтқанымдай үш немесе бес жылда адамның өзі пайдалану үшін жеңілдетілген утильалым арқылы кіргізсе, қолданыста болған көлік бағалары 5-10 пайызғаарзандауы мүмкін. Ал жаңа көліктердің бағасына ол ешқандай әсер етпейді, - дейді Сұңқар Тұрсынұлы.

Бастысы – осындай бір консенсус болғанда көліктің қымбаттығына халықтың наразылығыбасылып, қызу талқы азайып, халық та үкіметке сенер еді, - деп қосты автосарапшы.

Автонарық саласына орай маман Қазақстандағы утилалым әлемдік нарыққа әсер етпейтінін айтады.

- Утилалымын толық алып тастауға Қазақстан бара қоймайды. Ал елдегі утилалым әлемдік нарыққа әсер етпейді. Өйткені, Қазақстан нарығы өте кішкентай, әлемдік тұрмақ, Орталық Азия мемлекеттеріне де әсер ете қоймас. Тек Грузия, Қырғызстан секілді елдерден Қазақстанға көлік сатуы көбеюі мүмкін. Ал нарыққа әсер ете алмайды. Бізде нарық өте кішкентай, - дейді Сұңқар Тұрсынұлы.

ОТАНШЫЛЫҚ АТЫМЕН ЖАСАЛҒАН МӘЖБҮРЛІК

Ол утилалымның төркінін түсіндіріп, қазір оның кері салдары көрініс бергенін, наразылық содан туындап отыр деп санайды. Яғни, қарапайым адамдар қалаған көлігін ала алмай, кіріптарлықтан қалып отыр.

- Утилалым шет елден кіретін ескі көліктерге тосқауыл ретінде, одан кейін экологиялық стандартқа сәйкес көліктер мен жаңа көліктер көп болсын деген желеумен кіргізілген еді. Утилалымның енгізілуі біріншіден, шет елден арзан көліктердің кіруіне тосқауыл болады. Екіншіден, бюджетке қосымша кіріс. Оның пайдасы отандық автоөндірушілерге өз көлігін бәсекелессіз сатуға жағдай жасалынады. Ал зияны қарапайым тұтынушы кез - келген көлікті алмай, сапасы мен бәсекелестеріне қарамай тек отандық көлікті алуға мәжбүр болады, - деді авторсарапшы Сұңқар Тұрсынұлы.

Еске сала кетейік, E-Petition.kz ресми порталында утилалымға қарсы петиция жарияланып, қарауға қажетті 50 мың  қол жиналды. Кейін оған қарсы, яғни утилалымды қолдаған тағы бір петиция жарияланды. Петиция да Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Оның 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатыны жазылған.

Петицияда жеңіл автокөліктерге арналған утилизациялық алым мөлшерін 277 мың теңгеден (2024 жылы төленетін ең аз сома) немесе ең жоғары сома – 2,1 миллион теңгеден 100 мың теңгеге дейін азайту, басқа көлік түрлеріне утилизациялық алымды нөлге тең ету, ал ауыл шаруашылығы техникасынан оны мүлде алып тастау ұсынылған.

Мұнда петиция авторлары жеңіл автокөліктің жылына байланысты алғашқы тіркеу алымының мөлшерін 0,25 – 500 АЕК-тен 0,25 АЕК-ке немесе 923 теңгеге  дейін азайтуды талап етеді.

Утилизациялық алымға қарсы шыққан, өзін халық атынан сөйлеп тұрмыз деген бастамашылар тобы талаптарын айрықша ашық режимде, яғни жария түрде қарауды сұрап, бұл шарты орындалмаса, осы мәселе бойынша референдум өткізуді және үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз деді.

Кейінгі автоөндірісті қолдау тұрғысында жазылған петицияға көпшілік сенбейді, жасанды петиция деп есептейді.

Айта кетсек, аталған петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының қорытындылары бойынша қоғамдық тыңдаулар Алматыда 15 шілдеде сағат 11.00-де өтеді деп жоспарланған.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер