"Заң бәріне ортақ" - Министр өнер адамдарының ұсталуына қатысты пікір білдірді

1835
Adyrna.kz Telegram

Министр өнер адамдарының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұсталған өнер адамдарына қатысты жағдайларға пікір білдірді.

"Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де - мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам пен тазалық емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман - елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт. Өкінішке орай, соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін нағыз "мәдениет қайраткерімін" дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашан да ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Бұл мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ. Ал мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады", - деді министр Facebook желісіндегі парақшасында.

Пікірлер