Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесіп, вакцинациялау және ағза донорлығы мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында министр вакцинациялаудың инфекциялық аурулардан қорғаудағы маңыздылығын атап өтті. Соңғы жылдары елімізде де, әлемде де екпеден бас тарту үрдісі өсіп, нәтижесінде егілмеген азаматтардың арасында инфекциялық аурулардың таралуы артып келеді. Ақмарал Әлназарова балалардың денсаулығын сақтау үшін екпенің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Министр вакцинациядан бас тартудың негізгі себептерінің бірі ретінде ата-аналардың діни сенімдерін атады. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ынтымақтастықты нығайтып, діни факторлардың вакцинацияға әсерін зерттеуді жоспарлап отыр.
Трансплантология саласындағы жетістіктерге қарамастан, ағза донорлығы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда донорлық ағзаны күту парағында 4117 адам тұр, олардың ішінде 96-сы балалар.
Министр қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесін жергілікті қауымдастықтар мен мешіттерде түсіндірудің маңыздылығын атап өтті. Бұл үдерісте діни көшбасшылардың рөлі ерекше, өйткені олар халыққа саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
Әлемде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуда Испания көшбасшы ел болып табылады, онда 1 миллион адамға шаққандағы көрсеткіш 49,38-ді құрайды. Бұрынғы ТМД елдерінің ішінде Беларусь көш бастап тұр (25,26), ал Иранда бұл көрсеткіш 12,57-ге тең. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 0,36 деңгейінде қалып отыр.