Қазақ қыздарының шетелдікке әуес болуына қазақ жігіттері кінәлі

2823

"Шыққан қыз шиден тысқары" десек те..

Тәрбиесі, ой-өресі мен білім-білігіне қарай қазақ баласы үшін өмірлік жар таңдағанда махаббаттан өзге есепке алынатын өлшемдер: ұлты, руы, рең-басы, ақылы, білімі, материалдық жағдайы, ата-тегі, діні..

Бір әулет - бір ауыл болып, қоныстанып "Қызға 40 үйден тыйым" деген ұстаныммен өмір сүрген көшпеліліктен кеттік. Біреудің жеке ісіне араласуды заң көтермейді. Әркімнің өз басы бар. Тәнін кімге "сыйлаймын" десе, өз еркі..
Бұл ең алдымен отбасындағы тәрбиенің "жемісі"..

Дегенмен, өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатқан қыз-келіншектердің қатарының артуы - қазақ жігіттерінің өмір мен тұрмыс бәсекесіне қабілетсіз екендігінің айқын көрсеткіші болса керек..

Иә, мемлекетімізде келеңсіздіктер жетіп артылады.
Бірақ, жеке басыңды дамытуға, лайықты білім мен белгілі бір кәсіпті игеруге мүмкіндік жеткілікті ғой.

Өзі саусақ ұшын қыбырлатпай әке-шеше, аға-әпке мен үкіметке сеніп, казинодан ұтып, бірден баюды көздеп немесе байдың қызы кездесіп қалар деген сағым үмітін "үкілеп" жүрген жігіттер де баршылық..

Оу, жігіттер!
Үкіметке сеніп отыра бермей, өзің де әрекет жасасайшы.
Үкімет үшін сен бар болғаны, стат.мәліметтегі бір цифрсың (онда да, есепке ілінсең).
Өз тағдырыңа, болашақ балаларыңның қалыпты өмір сүруіне, басқа ешкім емес, ең алдымен өзің жауаптысың!
Қытаймен шекара ашылса көресіні сонда көресің. Ішкі Қытайда 50 млн бойдақ еркек бар.

Солар келсе, қыздардың таңдауы кімге түседі?

Біреудің қорасын тазалап тапқан ақшаңа арақ ішіп, аузы қисаңдап, руыңнан шыққан "атақты" адамдарды санамалап "саясат" соғып отырған саған ба?

Әлде, қызметі, басында баспанасы, астында жақсы көлігі бар, шырттай киінген шетелдікке ме?

Есінде болсын!
Қыз баласының жүрегіне Алла Тағала алдымен ұлттық емес, аналық сезім салған!
Сондықтан, таңдау дүниеге әкелген ұрпақты лайықты тұрмыспен қамтамасыз ете алатын еркекке түседі!
Ал, сен секілді аутсайдерге табылса, өзің секілді "Қотыр атқа соқыр ат" тиер, болмаса ол да жоқ!

Қыздарға..

"Қыз қылығымен" дейді..
Кейбір қыздардың қазақ жігіттері арасынан теңін таба алмауы олардың бойында қазақ сүйерлік қылық болмауынан болса керек.
Үкіметтің ұлттық ерекшеліктерді ескермей жүргізген гендерлік саясаты эманципацияны күшейтіп жіберді.

Қазақстан халқының 55 %-ы ауылды жерлерде тұратынын, қалада тұратын қазақтардың көбі ауылдан кіндігін үзе қоймағанын ескерсек, классикалық үлгідегі гендерлік саясат пен эманципация дәстүрлі қазақ отбасында өскен адам үшін рухани шок (40 жылдан бері қалада тұрсам да, жөнді-жөнсіз "Еркекпен құқым тең" деп көстеңдеп отыратын келіншектерді суханым сүймейді. Беті аулақ, өзге ұлтқа кетіп жатқан қыздарды түсінемін, бірақ таңдауларын мүлдем қабылдай алмай-ақ қойдым).

Қазақ сүйерлік қылығы болмаса, қазақ жігіті қыздың көңіліңнен шығуға тырыспайды.
Амал жоқ, әлгі қыз орыс-орман, зәңгі-қытайға көз сүзеді.
Жәрайды, ондайлар кетпесе кетпен төбеден ассын!

Қазір көпшілік қыздың көздегені жәй қазақ емес - бай қазақ!
Білім-білігін бұлдаған қыз-келіншекті түсінуге болады.
Бірақ бар "байлығы" - бетінің аздаған әрін қымбатырақ пұлдағысы кеп жүрген бойжеткендер де жетерлік қой.
Ал "әлеуметтік статусы" (Қазақстандық "успешность") $10-15 мыңдық машинаға тең қазақ жігіті қайсыбіріне жетеді, өкіметің алдымен қазаққа қырын қарап отырғанда?

Эпилог орнына...
Осында, жалпы ел алдында "Қалың елім, қазағым - қайран жұртым!"- деп отырған апа-қарындастарымызға базына..

Екінші әйел мәселесіне, тек еркектің "тән тояты" ретінде қарамай, тереңірек қарап, насихаттасаңыздар...
Ертең өз қыздарыңыз зәңгі-қытайға тиіп немесе нақсүйер болып, бақа-шаян жегенше, бір қазаққа екінші әйел болғаны мың есе артық екенін айта жүрсеңіздер..

Аксиома болса да, айтайық...
Адам саны көп болған сайын қыз-жігіттеріміздің өз ұлтымыздан өз теңін табу мүмкіндігі арта береді...
Демографиялық өсімнің ауадай қажеттігі тек мемлекеттік мәселе емес, әрбіріміздің проблемамыз болды ма, сонымен?

"Әл елдің салты басқа - иттері қара қасқа" дегендей, дәстүрлі қазақи тәрбие алған қыздың шетелдікке барған жерінде бақытты болып кету мүмкіндігі туралы әңгіме бөлек..

Білмеймін, айтқым келген ойымды жеткізе алдым ба, алмадым ба?!

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер