ҚНРДА қызметкері Гарвард университетіне оқуға түсті

1150
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚНРДА
Фото: ҚНРДА

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктерді  талдау және стресс-тестілеу департаментінің қызметкері Дәулет Салаватұлы Черьязданов Плющ Лигасының ең үздік университеттерінің бірі – Гарвардқа түсті. Бұл туралы ҚНРДА-ның ресми сайтында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, Гарвардта АҚШ-тың 8 Президенті оқыған және 40-тан астам Нобель лауреаттары сабақ береді.

“Әлемнің ең үздік университетіне түсу оңай емес, бірақ алдыңа осындай мақсат қойып, оған біртіндеп қол жеткізу үшін еңбек етсең, бәрі мүмкін. Дәулет Черьязданов өз еңбек жолын 2021 жылы АҚШ-тың Уильямс колледжін бітірген кезде бастады, онда ол жаратылыстану, математика және статистика бакалавры мамандығы бойынша біліктілікке ие болды. Сол жылдың тамыз айында оқуын аяқтағаннан кейін ол ҚНРДА-ның Банктерді талдау және стресс-тестілеу департаментінде Банктерді стресс-тестілеу басқармасының жетекші маманы болып жұмыс істей бастады”, делінген хабарламада.

Банктерді талдау және стресс-тестілеу департаменті Қазақстан Республикасы банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Департамент қызметінің негізгі бағыты активтердің сапасына тұрақты түрде бағалау жүргізу және екінші деңгейдегі банктердің жыл сайынғы стресс-тестілеуін жүзеге асыру, екінші деңгейдегі банктер үшін негізгі тәуекелдерді анықтау және болжау.

«Менің рөлім осы процестің техникалық бөлігіне бағытталған: мен Python тілінде қажетті скриптерді әзірлеймін, тарихи деректерді тазартумен және модельдеумен айналысамын», - дейді Дәулет Черьязданов.

Екі жыл ішінде Дәулет Черьязданов Басқарма бастығының орынбасарына дейін өсті. Осы уақыт ішінде ол өз жұмысының қыр-сырын терең меңгере отырып, практикалық тәжірибе алды. Сондай-ақ, ол біршама жетістіктерге қол жеткізгеніне қарамастан, ізденуін тоқтатпады. 2023 жылдың жазында Дәулет магистратураға түсуге ниет етіп, дайындығын бастады. Ол алдымен университеттер тізімін анықтап, одан әрі оқу үшін мамандығын таңдады.

Дәулет өзі үшін жасаған тізімде Плющ Лигасына кіретін университеттер болды: Гарвард университеті (Harvard University), Колумбия университеті (Columbia University), Браун университеті (Brown University), Корнелл университеті (Cornell University) және Пенсильвания университеті (University of Pennsylvania). Бұл университеттерге өтініш берудің негізгі талаптарына мыналар жатады: GRE (Graduate Record Examination) тесті, мотивациялық және тақырыптық эсселер, алдыңғы профессорлар мен қазіргі жұмыс берушінің ұсыным хаттары және университеттің транскрипті.

Дәулет үш айдан астам уақытқа созылған мұқият дайындықтан кейін GRE (Graduate Record Examination) тестін тапсырды, ол талапкерлердің талдамалық, жазбаша, ауызша және сандық дағдыларын бағалайтын стандартталған тестінен өтті. Ол ықтимал 340 балдан жоғары 320 балл жинады. Құжаттарды тапсырудың соңғы мерзімі 2024 жылдың қаңтарында болған, ал наурызда ол құжаттарын тапсырған барлық бес университеттен шақырту алды. Дәулет, осы көрнекті бестіктің ішінен Джон Ф. Кеннеди атындағы Гарвард мемлекеттік басқару институтын (Harvard Kennedy School) таңдады. Ол оқытудың сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымы арқасында көптеген жылдар бойы жетекші әлемдік рейтингте бірінші орынға ие болып отыр.

«Гарвард  магистратурасында оқу үшін мамандық таңдауға қатысты, Дәулет «Мемлекеттік саясат» (Master in Public Policy) мамандығын таңдады. Өзінің таңдауын магистрант: «Кәсіби мансабымды бастаған уақыттан бері мен қоғамға қызмет ету және азаматтарымыздың өмірін жақсарту идеясын ұстандым,  сондықтан мемлекеттік қызметке барынша ден қойдым. Болашақта елімізге пайда келтіру үшін мемлекеттік басқару және саясат саласында білім алуды өзіме мақсат еттім»,- деп түсіндіреді.

«Университеттердің қабылдау комиссиялары тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибенің маңыздылығы мен жоғары бағасына мән берілгенін айтқан Дәулет магистратураға құжаттар тапсырған уақытта өзінің Банктерді талдау және стресс-тестілеу департаментіндегі жұмысы мен Агенттіктегі мансабының маңызды рөл атқарғанын атап өтеді. «Мен әріптестеріме, өзімнің басшыларыма және Агенттіктің жоғары басшылығына олардың маған қолдау көрсеткендері және менің өсуіме жағдайлар жасағаны үшін шынайы алғыс білдіргім келеді. Олардың тәлімдері мен көмегінсіз мен мұндай табысқа қол жеткізе алмас едім. Менің тәжірибемнің өздерінің білім деңгейін арттыруға талпынатын әріптестерім мен отандастарым үшін үлгі болатынына сенемін», - дейді Дәулет.

Пікірлер