Мектептегі әлімжеттік. Оқу-ағарту министрі не дейді?

896
Adyrna.kz Telegram
Primeminister.kz
Primeminister.kz

Шиеліде мектеп оқушылары арасындағы төбелес соңы өліммен аяқталған болатын. Жағдайға қатысты министр түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

 Қызылорда облысында 10-сынып оқушылары 9-сынып оқушысына әлімжеттік көрсетіп, ұрып өлтірген болатын. Қайғылы оқиғадан кейін мектептегі әлімжеттікке қатысты мұғалімдер мен полицейлер Қылмыстық кодекстің нормаларын айтып, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Журналист Оқу-ағарту министріне «Жақында Жамбыл облысында мектепте оқушы баланы ұрып, салдарынан ол көз жұмды. Сондай-ақ кеше Қызылорда облысында 10-сынып оқушылары 9-сыныптың оқушыларын ұрып, бір бала қайтыс болды. Осы жағдайды сіз бақылауға алдыңыз ба? Осындай қайғылы жағдай болмас үшін 8-11 сынып оқушыларына Қылмыстық кодекстің нормаларын түсіндіру керек шығар? Себебі, биыл мектептерде әлімжеттік жиілеп кеткен сияқты» деген сұрақ қойды.

Ғани Бейсембаев бұл мәселе бойынша барлық өңірдегі әкімнің орынбасарларын жинап, шұғыл жиналыс өткізгенін атап өтті.

"Біз барлық мәселені ашық талқылап, өңірдегі әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Былтыр тамыздың соңында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан балалардың құқығын қорғау үшін кешенді бағдарлама Үкіметтің қауласымен қабылданды. Осыған байланысты әлемдегі тәжірибені зерттеп, буллингке қарсы ең тиімді ретінде жоба финдік жүйені және "Дос болайық" жобасын қарастырдық", - деді министр.

Ал Қызылордадағы қайғылы оқиғаға қатысты мән-жайды анықтағанын атап өтті.

"Кеше бірден әкімнің орынбасарына тікелей телефон арқылы хабарласып, болған жағдайға қатысты қандай шараның қолданып жатқанын сұрадым. Тек бір мектепке қатысты емес, аймақтағы (басқа мектептерге) нақты қандай шаралар қолданылатыны туралы біз жарты сағаттай әңгімелестік. Мұндай жұмыстар Павлодар және Жамбыл облысындағы әкімдіктерменен де арнайы кешенді жоспар құру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр...", - деді ведомство басшысы.

Министр мектептегі әлімжеттікке қатысты оқушылардың бәріне түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін де тілге тиек етті.

"Биылдан бастап Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігінің мамандары осы құқықтық заңдарды дұрыс пайдалануға, сауаттандыруға қатысты жұмысты бастап кетті. Бұдан бөлек, барлық мектепте 111 сенім телефоны жұмыс істейді. Оған кез келген бала хабарласа алады. Олар осындай жағдайды айтып, тиісті шағымын жасай алады", - деді Ғани Бейсембаев.

Пікірлер