Биыл барлық сыныпқа қазақ тілінен емтихан өтеді

2484
Adyrna.kz Telegram
Сурет: rsv.ru
Сурет: rsv.ru

Ағымдағы оқу жылында Орал қаласы бойынша  11 сыныпты 2480 түлек аяқтағалы тұр. Оның ішінде 40 түлек Алтын белгіге,  110-ы  үздік аттестатқа үміткер. 9 сыныпты  4917  оқушы аяқтаса, 223-і үздік аттестаттан үмітті. Мектептерде оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова мәлімдеді.

Қаланың бас ұстазының айтуынша,  оқу жылының аяғында қала мектептеріндегі оқушылар саны  0-11 сынып аралығында 64401 оқушыны құрады. Биыл 24 мамыр күні жалпы білім беретін мектептер бекітілген кесте бойынша сабақтар өткізеді және оқу күнін «Білімім Отаныма» атты сынып сағатымен аяқтайды. Түлектер үшін салтанатты шара 25 мамыр күні ұйымдастырылады.

–     9-сынып бітірушілер үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 29 мамыр-10 маусым аралығында өтеді,  ал 11-сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 28 мамыр-11 маусым аралығында болады. Жалпы орта білім беру туралы аттестатты 11-сынып түлектеріне тапсыру салтанаты өз мектептерінің қабырғасында 14-17 маусымда өткізіледі. ҰБТ тапсыруға тілек білдіріп, тіркеліп отырған оқушы саны – 2085 (84 пайыз). Сонымен қатар биыл Оқу ағарту министрлігінің №96 бұйрығына сәйкес барлық мектептерде 5-8, 10 сыныптарға 27-31 мамыр аралығында қазақ тілі пәнінен емтихан өткізілетін болады. 2024 жылғы 27 мамыр мен 31 мамыр аралығында және ағымдағы жылғы 26-30 тамыз аралығында оқушылардың білім сапасын арттыру, білім алушылардың, соның ішінде үлгерімі төмен оқушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыру мақсатында барлық мектепте жазғы мектеп жұмыс істейтін болады. Жазғы мектеп көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің білім алушылары үшін, сондай-ақ қыс мезгілінде қатты аязға байланысты сабақтар тоқтатылған өңірлердің білім алушылары үшін ұйымдастырылады. Жазғы мектептегі сабақтар оқушылардың сұраныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып, сараланған, жеке тәсілдер негізінде ұйымдастырылады. Климаттық жағдайларды ескере отырып, бастауыш сыныптарда сабақтар 30 минуттан, 5-10 сыныптарда 40 минутқа дейін өткізіледі. Күніне 5 сабақтан артық емес, – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы. 

         Ал оқу жылына 1 сыныпқа қабылдау 1 сәуірден басталып, 31 тамызға дейін электронды  түрде egov.kz порталы арқылы жүргізілуде. Қазіргі  таңда 1 сыныпқа  3000 оқушы қабылданса, соның 1954-і қазақ сыныптарына барады.  

Қазақ тілінде ашылған сыныптар үшін ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында  ұзартылған күн топтары ұйымдастырылады. Мектепке дейінгі ұйымдарға  орындар бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында кезекті есепке алудың бірыңғай базасы әзірленген. Жаңа модель отбасылық сұраныстарға негізделген төрт балабақшаны таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балабақшаға кезек келген уақытта автоматты түрде берілетін болады. Кезекті есепке алудың бірыңғай базасы Орал қаласында осы жылдың 20 мамырынан бастап іске қосылды. Балабақшаға кезекке қою balabaqsha.snation.kz порталы, egov.kz порталы арқылы және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы жүзеге асады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық құрамдас бөліктерін жою мақсатында кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы әзірленді. Жаңа модель ата-аналардың сұраныстарына негізделген төрт балабақшаны таңдауға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі ұйымдарға орын кезек келгенде автоматты түрде беріледі. Орал қаласында кезектің бірыңғай базасы 2024 жылғы 20 мамырдан басталады. Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою порталдарда balabaqsha.snation.kz, egov.kz және екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларында жүзеге асырылады.

     Білім алушылардың жазғы демалысы 2024-2026 жылдардағы жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылатын болады.

– Білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында үш айда 3430  оқушы демалады деп жоспарланды. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 400 бала бар. «Атамекен» лагерінде туристік-өлкетану және әскери-патриоттық бағыттар бойынша балалардың демалысы ұйымдастырылады.

230 дарынды оқушы 50 пайыз жеңілдікпен демалады, – дейді бұл турасында Ақжарқын Темірханова.

 Қаланың 47 мектебіндегі тамақтануы ұйымдастырылған  лагерьде 6500 бала,  50 мектептегі және 2 қосымша білім беру ұйымындағы (мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы)  тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьде 45 050 бала  демалысын өткізеді деп күтілуде. Сонымен қатар Боровое курорттық аумағындағы лагерьлерде  жекелеген санаттағы отбасылардан 150 баланың демалысы және әр мектептен қамтылатын Астана қаласына осы санаттағы 50, Шымкент қаласына 50, Түркістан қаласына 50 оқушының экскурсиясы қарастырылған. Ал су тасқыны кезінде эвакопунктте болған 540 оқушы үшін Ветелки ауылындағы №29 мектебінің базасында этнолагерь ұйымдастырылмақ. Бұл мақсатқа бюжджеттен 37 684 мың теңге бағытталған.

 

Пікірлер