«Ақниеттіктер» құйрық майды брендке айналдырды

2217
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының жоғары сынып оқушылары арасында «Мен болашақ кәсіпкермін» байқауы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Байқау БҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында төртінші мәрте Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы, облыстық Кәсіпкерлер Палатасы мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалының қолдауымен, «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен оздырылып отыр.

         Жобаның авторы Орал қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиал жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңес төрайымы Әзима Ғұбашева. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы қолдап, БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев қазылар алқасының құрамынан табылды.

Аудандық және қалалық кезеңнен өткен 12 жұмыс облыстық байқауға қатысты. Оқушылардың бизнес-жобаларының мазмұны ерекше болды. Балалар қарапайым қойдың құйрық майынан таза экологиялық өнім алу және сату, барбершоп салонын ашу, гипстен бұйымдар жасау бағытында тың бастамаларымен бөлісті.  

        Аталмыш байқау – оқушыларға кәсіптік бағдар беру орталығымен бірге өткізе бастаған кәсіби деңгейдегі мектептің кәсіптік бағдар беру жұмысының бірінші кезеңі. Жоба жастарды мектеп қабырғасынан бастап нарықтық экономика қағидаттарына үйретуге бағытталған. Бізді қызықтырған тақырыптар болды. Мысалы, құйрық майдан өнімді қалай алуға болатыны, қалай сататыны туралы, экологиялық бағыттағы жобалар, мектептегі кино, мектеп жағдайындағы чат-бот, кондитерлік бұйымдар шығару тақырыптарында оқушылар аудандық, қалалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы ретінде жұмыстарын жүргізіп отыр, дейді жоба авторы Әзима Зиннатқызы.

         Орал қаласы, №42 «Ақ ниет» гимназиясының 10 сынып оқушылары Нұрсезім Дауылбай мен Әдемі Ахметтің  «Құйрық майдан таза экологиялық өнім алу және сату» бизнес жобасы  қазылар алқасына өте ұнады. Сарапшылар бизнес-жобаның сауатты ұсынылуын ғана емес, оның сапалы мазмұнын да атап өтті.

          – Қойдың майы мың ауруға ем. Құйрық май тарихтан бері ата-бабамыз күнделікті тұрмыста қолданып келе жатқан қоректік қуаты мол, шипалық қасиеті зор, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қасиетті азықтардың бірі. Көптеген жылдар бойы майды көптеген ауруларды, әсіресе суық тиюді емдеу үшін дәстүрлі медицина рецептерінде қолданады. Құйрық майдың көмегімен трахеит, бронхит, бронхопневмония сияқты тыныс алу жолдарының аурулары да сәтті емделеді. Сондай-ақ теріні жақсартады. Тері күтіміне жағатын жақпа майға  бадам, кастор майы, хош иістендіргіш лаванда және құйрық майы қосылған. Осылайша ерітілген құйрық майдан жеке брендімізді жасап шығарғымыз келеді. Бес түрлі өнімді сатып көрдік. Құйрық майды сатуға арнайы инста парақша аштық,   –  дейді болашақ кәсіпкерлер. Қос бойжеткеннің аталмыш жобасы байқаудың ең үздік жобасы деп танылды.

 Сарапшылар «Ali Barberrs» барбершоп салоны» бизнес жобасын ұсынған Қаратөбе ауданы Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Әли Каримов пен Жаңақала ауданындағы №3 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Диляра Әбілқасымованың «Экоөнімдер» бизнес жобасын екінші орынға лайық санады.

       Ақжайық ауданы Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББМ-нің 10 сынып оқушысы Кәмила Талғатқызының «Tasty cake үй пісірмелері», Бәйтерек ауданы Абай атындағы мектеп-гимназия интернатының 10 сынып оқушысы Адабай Серікжанның «CHATBOT заман талабы», Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №7 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аяулым Лесованың «Трендтегі тауар гипспен жасалған бұйымдар» бизнес жобалары  үшінші орыннан көрінді.

     –   Бизнес жобаның жаңашылдығы – сәйкестігі мен безендірілуі, жас буынның зерттеген саласын жетік меңгеруінде болды. Бизнеске ерте жастан бет бұрғаны өте дұрыс, себебі экономиканың негізгі қозғаушы күші кәсіпкерлік. Сол үшін мұндай жобалардың маңызы зор, – дейді БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев.

     Бизнес жоба байқауын «Бақытты отбасы» партиялық жоба аясында «Alem Qoldau» қоғамдық бірлестіктігі қаржыландырып, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кету керек, қазіргі таңда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінің оқу бағдарламасына енгізілуі нәтижесін беруде. Оқушылар сабақта бизнестің қыр-сырын терең меңгеріп, бизнес жоспар құрып, шығын мен табыс көлемін есептеуге дағдыланады, қаржылық сауаттылығы артады. Бүгінде өңір жастары қанатқақты жобалар ойлап тауып, бизнеске қадам басуда.

Пікірлер