Қазақстан мен АҚШ адам құқықтары жөніндегі кездесуді Вашингтонда жалғастыруға келісті

752
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен АҚШ адам құқықтары жөніндегі кездесуді Вашингтонда жалғастыруға келісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

«Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Қазыхан және АҚШ Мемлекеттік хатшысының Азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Узра Зеяның тең төрағалығымен ҚР мен АҚШ арасындағы Адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жыл сайынғы жоғары деңгейдегі диалогтың үшінші отырысы өтті», - делінген хабарламада.

Іс-шара барысында тараптар адам құқықтары саласында өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты сындарлы түрде талқылады. Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар бағдарламасын, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын кеңейту, адам саудасына қарсы іс-қимыл, жиналыстар бостандығын, сөз бостандығын қамтамасыз ету, БАҚ-ты дамытуды қолдау, сондай-ақ активтерді қайтару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін одан әрі іске асыруға назар аударды.

"Америкалық тарап өзара мүдделер мен ортақ құндылықтарға негізделген табысты және сенімді ынтымақтастыққа берік ұстанымдарын білдірді. Мемлекеттік хатшысының орынбасары Узра Зея ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына АҚШ тарапының тұрақты қолдауын растап, сондай-ақ өткен желтоқсанда Қазақстан Президенті қол қойған Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын дәйекті жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті" делінген хабарламада.

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік саясатын күшейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, америкалық тарап а.ж. 15 сәуірде қабылданған ҚР-да отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын заңды құптады.

Сонымен бірге, тараптар көпжақты және өңірлік платформалар деңгейінде адам құқықтарын ілгерілету мәселелерін, соның ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі арқылы ынтымақтастықты және Нью-Йорк қ. өткен жылғы «С5+1» Саммитінің қорытындысы бойынша бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу нәтижесінде өзара іс-қимылды жалғастыруға және Диалогтың келесі отырысын 2025 жылы Вашингтон қаласында өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Пікірлер