"Мешітке тұрақты келуші төзбеген". Намаз кезіндегі жанжалға мүфтият жауап берді

1154
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған
Мешітте болған төбелес әлеуметтік желіде тарап кетті. Оқиғаға 14 мамырда ҚМДБ - мүфтият түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Желіде ер адамның мешіт ішінде өзге бір адамды жұдырықпен ұрған бейнесі тараған болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының тек бүгін Facebook-тегі парақшасында мән-жайға түсініктеме берді.
14 мамыр күні Діни басқарма оқиғаның 2024 жылғы 12 мамырда кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болғанын хабарлап отыр. Өзге өңірден мегаполиске келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан, бірнеше рет жамағат намазын бұзған.
Сондай-ақ, ҚМДБ жауабында өзге мәзһабта намаз оқыған азаматтар жиналған жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзғаны айтылды.
"Әлеуметтік желіде мешітте болған оқиға таралуда. Осыған байланысты ҚМДБ төмендегіні мәлімдейді:
Оқиға 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған. Өзге өңірден Шымкент қаласына келген біртоп азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған.
Намаз кезінде “әмин” дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізуде.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады.
Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен "Мешіт ережесі" бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады", - делінген жауапта.
Пікірлер