Ұлттық ұланның 5 қызметшісіне қатысты қылмыстық іс қайта қаралды

643
Adyrna.kz Telegram
фото: Ratel.kz
фото: Ratel.kz

ҚР Әскери соты Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық істі қайта қарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұрын сот үкімімен Д., У., С., Е. аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғандары үшін кінәлі деп танылып (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), оларға 9 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. Сотталған А. қызметіне салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелгені үшін кінәлі деп танылып (ҚР ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі), оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Әскерилерден ортақ тәртіпте келтірілген материалдық залал да өндірілген.

"2019-2022 жылдар аралығында әскери қызметші Д., У., С. және Е. өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, пайда табу мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше мәрте әскери бөлімнің жанар-жағармай материалдарын жымқыру арқылы 448 млн теңгеден астам залал келтірген. Ұрланған отынды жеке тұлғаларға өткізген. Өз кезегінде сотталушы А. қызметіне салғырт қараған, яғни әскери бөлімнің бүкіл ЖЖМ қызметінің жұмысына бақылаудың болмауына байланысты мемлекетке материалдық залал келтірді", – делінген хабарламада.

Алайда соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте қызметке салғырт қарау және аса ірі мөлшерде жанар-жағармай жымқыру фактісі бойынша айыпталған Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қайта қарады.

Сотталушылардың өз айғақтарымен, жәбірленуші тарап өкілдері мен куәгерлердің жауаптарымен, іс бойынша жүргізген аудиторлық тексерумен, сот сараптамаларымен, телефонмен сөйлесу стенограммаларымен, ақша аудару және қылмыстық істің басқа материалдарымен анықталды.

"ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Ақмола гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы үкімі сотталған С.-ға қатысты жаза мерзімінде қамауда ұстау уақытын есепке жатқызу бөлігінде өзгертілді. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды", – делінген сот хабарламасында.

Пікірлер