Рақымжан Қошқарбаевты паш еткен Кәкімжан Қазыбаев

1200
Adyrna.kz Telegram
Кәкімжан Қазыбаев (сол жақта) және Рақымжан Қошқарбаев
Кәкімжан Қазыбаев (сол жақта) және Рақымжан Қошқарбаев

Бүгін жазушы, қайраткер Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 95 жыл толып отыр.  Еңбек жолын  "Лениншіл жас" (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған ол өрлеген кезінде ҚазТАГ директоры, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің идеология хатшысы болды. Кәкімжан Қазыбаев 1958 жылы алғаш рет Рақымжан Қошқарбаев туралы зерттеу мақала жазып, батырдың соғыс кезінде алғаш Рейхстагқа Жеңіс туын тіккенін құжаттармен дәлелдеп, көпшілікке паш етті. «Жас қазақтың ерлігі» («Лениншіл жас», 21.11.1958), «Рейхстагқа ту тіккен жігіт» («Социалистік Қазақстан», 21.09.1960), «Рейхстагтағы тұңғыш жалау» («Жұлдыз» №11, 1960), «Рейхстагтағы жеңіс туы» («Простор» №5, 1961)  деген мақалалары үнемі толықтырылып, жаңа деректерімен байытылып, жарияланды.   

«Лениншіл жас» газетінің тілшісі Кәкімжан Қазыбаев қазақ журналистикасының дамуына айрықша үлес қосқан буынның бел ортасында жүрді. Жас журналист осы газетте ұлттық рухты көтеретін танымдық материалдарды көптеп жазған. Соның ішінде ең ерекшесі әрі қазақ жұрты үшін мақтан тұтарлық еңбегі – Рейхстагқа ту тіккен даңқты батырымыз Рақымжан Қошқарбаев туралы көлемді зерттеу мақаласын жазып, әділдікті қия тартқан империяның талай жыл жасырып келген шындығын елге жеткізуі еді. Батыр Бауыржан Момышұлының айтуы бойынша басталған зерттеу күллі әлемге паш болды. Елгезек журналист Рақымжан Қошқарбаев туралы үздіксіз ізденіп, мұрағаттарды ақтарып, қарапайым жұмысшы болып жүрген батыр Рақымжанның өзімен кездесіп, тың да көлемді зерттеу жасап, «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақала жазады. Осы мақаладан кейін арнайы очерк, батыр туралы деректі повесть жазып, талай жылғы әділетсіздікті жұртқа жария етеді. Рақымжан Қошқарбаевты Алаш баласы ардақ тұтып, есімі жұрт жадынан өшпес тұлғаға айналуына зор үлес қосқан Кәкімжан Қазыбаев екенін ел ұмытпақ емес.

ҚАЗТАГТЫ ТҮЛЕТКЕН

Кәкімжан Қазыбаев ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-ты басқарған. ҚазКСР-дың бүкіл баспасөзі осы ҚазТАГ таратқан ақпарат негізінде жұмыс істейтін. Бүгінгі тілмен айтқанда, ресми ақпараттың бәрі осы мекемеден елге жететін. К.Қазыбаев басқарған жылдары қазақ журналистикасына қан жүгіріп, оған дейін беделі ТАСС-тың көлеңкесінде қалып келген мекеменің беделі артты. 1974-1982 жылдар аралығы – қазақ журналистикасының кетігі бүтінделіп, кемігі толған уақыт еді. ҚазТАГ-та бірге қызмет атқарған әріптестері Кәкімжан Қазыбаевтың ұлттық журналистикадағы орнын ерекше құрметпен атап, қадір тұтатыны сондықтан. Жоғары билік ҚазТАГ-пен санасып, Қазыбаев ұжымының сөзіне мән беріп, мекеменің техникалық базасын толықтай жаңартқан.

«ТАМАША», «ТЕРМЕ», «АЙТЫС»…

1982 жылы Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология хатшысы қызметіне тағайындалды. Ол лауазымды қызметке келе салысымен қазақ телевизиясын ұлттық бағытта құрылымдауға баса мән береді. Қазақтың аяулы перзенті Камал Смайыловты шақырып, Мемлекеттік теледидар және радиохабар комитетіне басшы етіп тағайындап, сүбелі бағдарламалар даярлауды жүктейді. Бұл жылдар туралы К.Смайылов: «Біраз істер атқарылды. «Тамашаны» сарай сахнасына шығардық. «Айтысты», «Термені» тауып, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» деген 40 сериялы дидарфильмді қойдық. Кейбіреулер қарсы болғанда, Кәкең қолдап шыққан», – дейді.

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ТОЙЫН ЮНЕСКО КӨЛЕМІНДЕ ӨТКІЗГЕН

Қазақстан компартиясы идеология хатшысы Кәкімжан Қазыбаев белгілі композитор Мұқан Төлебаевтың 70 жылдық мерейтойын Мәскеуде өткізіп, оған Гейдар Алиев бастаған КСРО жоғары билігінің өкілдері қатысқан. Бұл да қазақ мәдениетінің өзге жерде мойындалуына зор ықпал еткен айтулы іс-шараның бірі еді. 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге барлық құжаттарын дайындап, Мәскеудің есігін тоздырып, Алматыда Республика сарайында бүкіл одақ көлемінде мәртебелі меймандар мен ғалымдардың басын қосып, айтулы той өткізеді. Д.Қонаев Кәкімжанның бұл еңбегін жоғары бағалап, қатты риза болады. Бірақ Кремль айтыс, термені жандандырып, Шоқанды ұлықтаған қазақ билігін ұнатпай: «Қазақстан басшылары ұлтшылдықты дәріптеуге бейім болып барады» деп қырына алған…

НЕМІС АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРҒЫЗБАҒАН…

Шоқанның тойынан кейін көп өтпей Кәкімжан Қазыбаев Мәскеуге шұғыл жиналысқа аттанады. Талқыланатын тақырып біреу: Ақмола облысын неміс автономиясы етіп құру мәселесі. Бұған Қазақстан атынан барған Кәкімжан Қазыбаев халықтың келісімінсіз автономия құруға қарсы шығады. «Егер неміс автономиясы керек десеңіздер, онда бүкіл халықтық референдум өткізейік. Халық қолдаса, біз де келісеміз», – деген шарт қояды. Мәскеуден келген бойда «Қазыбаев идеологиялық жұмыста кемшілік жіберді» деген желеумен қызметінен алынады.

АШТЫҚ ТАҚЫРЫБЫНДА АЛҒАШҚЫ РОМАНДЫ ЖАЗҒАН

«Сұрапыл» романы – қолдан жасалған аштық пен зұлмат жайындағы көлемді шығарма. Роман 1995 жылы жарық көрген. Совет одағы ыдырамай тұрып жазылған көлемді еңбек хақында әдебиеттанушылар енді айта бастады.

 

«Қазақ әдебиеті»

 

 

 

 

Пікірлер