Ақмола облысының әкімі Даңқ мемориалына гүл шоғын қойды

815
Adyrna.kz Telegram

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Көкшетау қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне және Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Биылғы жылы Жеңіс күніне арналған іс-шаралар Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ, Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын және Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы және Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жылдығы аясында аталып өтілуде.

Өңір басшысы құрметті қарауылдың және үрмелі аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен гүл шоқтарын қойып, қан майданда шейіт болған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Одан әрі облыс басшысы бастаған шеру Даңқ аллеясымен Мәңгілік алауға қарай жүріп өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеңіс күні – халқымыздың ерен ерлігі мен бірлігінің, қаһармандығының символы болып саналады» деп айтқан болатын. Бабаларымыздың баға жетпес батырлығының арқасында – біз бүгін бейбіт елде, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Бүгін сол қасіретті соғыс жылдарында қаза тапқандардың, барлық майдандарда хабарсыз кеткендердің, осы күнге жете алмаған бабалар есімін еске алып, ұрпақ парызын орындауға жиналып отырмыз. Жеңіске жетіп, соғыстан кейін күйзелген елді көтеруге ат салысқан, осы шуақты күндерге жетпеген азаматтардың жарқын бейнелерін құрметпен еске алып, бас иеміз», - деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы атап өткендей, Ақмола облысынан 90 мың адам майданға аттанып, оның 37 мыңнан астамы оралған. Ақмолалықтар барлық майдандарда соғысып, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарға қатысты. Оның ішінде 66 ақмолалық Кеңес одағының Батыры және Даңқ орденінің толық кавалерлері болды. Қазіргі таңда өңірде 5 соғыс ардагері және 5 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады.

Айта кетейік, Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт «Тәуелсіздік» алаңында ұйымдастырылды. Мереке аясында өңірде түрлі форматтағы 800-ге жуық іс-шара өткізілді.

Пікірлер