Публицист Ержұман Смайыл

400
Adyrna.kz Telegram

Ержұман Смайыл Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Туғанбай ауылында өмiрге келген. Әкесi Смайыл емшiлiктi кәсiп еткен, анасы Күләш қатардағы шаруа адамы болған. 1965 жылы ол Талғардағы С.Сей­фуллин атындағы №2 орта мектептi бiтiрген соң, өзiнiң туған ауылында клуб меңгерушiсi, шопан болып еңбек етедi. 1967-1970 жылдары Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Солтүстiк флотындағы сүңгуiр қайықта әскери борышын өтейдi. 1971 жылы Қазақ мемлекеттiк уни­верситетiнiң журна­листика факуль­тетiне оқуға келiп түсiп, оны қызыл дипломмен бiтiрiп шыққан соң осы оқу орнының ассистентi болып жұмыс iстейдi.

Ержұман Өтешұлының шығармашылық əлеуеті бай еді. Ол кісі бетін ашпаған кітап, сүзгіден өткізбеген дерек жоқ. Бірақ соған қарамастан, басқа тілшілер сияқты кеңінен қалам тербеген жоқ. Ғылымды да, басқару аппаратын да көздемеді. Таланты мен талабын, бар білгенін газет шығаруға арнады. Күн шыққаннан батқанға дейін келесі газет нөміріне басылатын мақалаларды түзетумен, оқумен болды. Орынбасар болғанына қарамастан, əрбір мақаланы өзі қарап, салыстырып, редакция ғимаратының басқа қабаттарында шығатын басылымдардың гранкасын сұратып, ұқыптықылықпен тексеріп қарады. Кəсіби түзетушінің (корректор) көрмеген қателерін көрді. Сондай тиянақтылықпен басылымды ауыр қателіктерден сақтап қалды.
Ержұман Смайылдың редакторлық қабілетінен бөлек, аударма шеберлігін де айта кеткен жөн. Бұл кісінің аудармашылық қабілетіне көп адам қызаққан. Мың түрлі құбылып жазылған, қоғамдық, саяси, əлеуметтік мəтіндерді қазақша сөйлеткен адам. Күн өткен сайын өзгеріске ұшырап, түрленетін саясат тақырыбындағы мəтін терминдерін қазақшаға баламалап аударған да осы Ержұман Смайыл. Ешкім білмейтін саяси терминдердің қазақша баламасын тауып, енгізгеніне қарамастан, олардың біреуіне де иелік етіп, авторлығын бұлдаған кезі болмады. Қазақстанның ең жақсы деген аудармашыларының аударған мəтіндерін қайтадан қарастырып, қателерін жөндеді. Көз майын тауысып, мəтіннен мəтін қалдырмады. Осы кісінің арқасында “Егемен Қазақстанның” бірде-бір əрпі қисаймады.

Айшат НАҚА

Пікірлер