Ержұман Өтешұлы Смайыл – XX ғасырдың 70-жылдары журналистикаға аяқ басқан публицист, Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты. Кісілігіне кішілігі сай болған, күннің қай уақыты болса да, газет тіршілігінің басы-қасында болған азамат. Өткен ғасырда да, бүгін де Қазақстандағы ең ықпалды газет – Егемен Қазақстанға тілші болып кіріп, бас редакторға, кейіннен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті ашық акционерлік қоғамының президенті лауазымына дейін көтерілген «Егеменнің қара нары».
Жас журналистерге Ер-аға болған, талапты таланттардың шығармашылыққа жолын ашқан Ержұман Смайылдың еңбектері өз заманының қоғамдық пікірін қалыптастыруда, тарихи фактілердің бүгінгі күнге дейін жетуінде үлкен рөл атқарды.
Кəсіби жолын толығымен газеттің қара жұмысына арнаған Ер-ағаның жазуға арнаған көп уақыты болмады. Том-том кітап та, газет-газет мақала да жазбады. Бірақ публицистің өзі көсіліп қалам тербемегеніне өкінбейтінін, журналистік потенциалын толық ашпағаны үшін жүрегін жеген уайымы болмағанын айтады. Оның айтуынша, журналистің барлығы жазу үшін жаралған адамдар емес. 70 жыл ғұмырында «Ағалар еске түскенде», «Əулет», «Достар еске түскенде» жəне «Өмір деген – жол үсті» атты 4 кітап жазды. «Əулет» жинағын жазудағы басты мақсаты марқұм əкесінің арманын орындау, жүзеге асыру болды. Осы жинақ Смайыл əулетінің құнды бір қазынасына айналды.
Əбіш Кекілбайұлынан «Егеменнің локомотиві» деген атау алған Ержұман Смайыл күні-түні ұйқы көрмей еңбек етіп, шаршауды білмей, қанша жыл өтсе де бір қалпынан таймады. Көбірек редакторлық қызметіне ден қойған публицист аз жазса да, оқырманның көкейіне жетіп, жүрегінен орын алатын мақалалар жазды. Саясаттанушы болса да, саясаткер болса да, ойға алғанымен ой таластырып, саяси тақырыптарға, əлі ешкім жаза қоймаған тақырыптарға байланысты қалам тербеді. Мемлекет пен ұлттың мүддесі жайында, əлеуметтік- қоғамдық маңызы бар тақырыптардан да алшақ болған жоқ.
Айшат НАҚА