Елордалық блогер өзін полиция ұстап әкеткенін айтты

1102
Adyrna.kz Telegram

Елордалық журналист, блогер Самат Ысқақов өзін полиция қызметкерлері ұстап әкеткенін айтты. Оқиға 1 мамырда болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Фитнестен шыққан кейін жағалауда серуендеп жүрдім. Сол кезде жергілікті полиция қызметкері сөмкем мен құжаттарымды көрсетуді сұрады. Мен қарсылық танытпадым. Кейін учаскелік полицейдің бастығы келіп, бұл процедура қайталанды. Барлығы аяқталған соң үйіме қайттым. Осы кезде арнайы жасақ келіп, мені алып кетті. Көлік салонында телефонымды күштеп тартып алды»,—деді ол.

Бұған дейін оппозицияның митингісі жағалауда өтетіні айтылып, 1 мамырда осы маңда полиция бақылауы күшейген болатын.

Блогер полиция бөлімшесінде сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін болғанын жеткізді. Кейін оны айып тақпай босатып жіберген.

Ысқақовтың айтуынша, оның сөмкесі мен құжаттарын полицейлер екі рет тексеріп, елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қатысты пікірін де сұраған. Байқоңыр аудандық полиция бөлімінде блогерден саусақ іздері алынып, суретке түсірілген.

2 мамырда Астанада ұсталған блогер Азаттыққа прокуратураға шағымданғанын мәлімдеді. Журналист жақындарына және адвокатқа хабарласуға мүмкіндік берілмегенін атап өтті.

"Мені алты сағат бойы ұстағаны қаншалықты заңды деген сұрақ туындайды. Олар бірнеше рет ұялы телефонымды тексерді, заңға қайшы ештеңе таба алмады. Менің барлық деректерімді тексерді. Полицейлер, жай киім кигендер әлеуметтік желідегі аккаунттарымды қарады",–деді ол.

Пікірлер