Жаңа заң медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырады — депутат

1053
Adyrna.kz Telegram

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ұлттық Құрылтайда көтеріліп, қоғамдық үлкен талқылаудан өткен тағы бір аса маңызды мәселе заңмен бекітілді.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған. Сонымен бірге, жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таралуының алдын алу және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға Заң мүмкіндіктер береді. Бұл заң арқылы өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау бағытында мемлекеттік кешенді қадам жасалып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, кешегі пандемия кезінде ақ халатты абзал жандар өз өмірлерін қатерге тіге әр науқастың жаны үшін күреске шықты. Медицина мамандарының қоғамдағы маңыздылығы күн сайын артып келеді. Алайда, сайлаушылармен кездесу барысында дәл осы медицина мамандарының тарапынан құқықтық-қаржылық мәселелер жиі көтеріледі. Оның бірсыпырасын өзім де депутаттық сауал түрінде Үкіметке жолдаған да едім.

Мемлекет басшысы қол қойған Заң медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттырады»,—деді ол.

Пікірлер