Халықаралық форум өтпесе де, Көшпенділер ойыны тоқтамайды

1382
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Астана қаласында 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған дайындық қалай жүріп жатқанын мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баяндады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 100-ден астам елден жалпы саны 3000-ға жуық адамнан тұратын делегациялар қатысады деп күтіліп отыр. Бүгінгі таңда 75 ел қатысатынын ресми растады», - деді ол.

Министрдің айтуына қарағанда, ойында бағдарламасына 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кірген, 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

«Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құсбегілік, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді», - деді Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты қаржыны үнемдеу мақсатында Астана халықаралық форумын тоқтатқан еді.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, биылғы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады” делінген Ақорда хабарламасында.

Пікірлер