«Құтқарушы-сүңгуірге су астында сүрінуге болмайды» - Қасан Асылбекұлы

2086
Adyrna.kz Telegram

Ажалмен бетпе-бет келетін мамандық иелері аз  емес. Солардың бірі – құтқарушы-сүңгуірлер.  Су астындағы тіршілікті көзбен көретіндердің негізгі міндеті әсемдікке тамсану емес, тілсіз жаудан тірі жанды аман алып қалу.  Таңдауы бірегей, дағдысы бөлек, болмысы басқа, қатерге толы қызметті тағдырымен тоғыстырған Қасан Қасенов талайды ажал аузынан алып қалған үлкен жүректің иесі.

Тақырыбымызға арқау, әңгімемізге тұздық болған, өз саласының саңлағы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы болып еңбек етеді.

Өзінің өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқаратын арда азаматтың бұл қызметке келгеніне 10 жылға жуықтаған.  Ол жоғарыда аталған жұмыс орнында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Саналы түрде таңдаған мамандығының ыстығына күйіп, суығына тоңып әбден ысылған. Әріптестері, «оның тәжірбиесіне теңедесер ешкім жоқ» деген пайымда.

Асау толқынмен алысу, ағысы қатты суға қарсы жүзу, дамылсыз қозғалыс , Қасан Асылбекұлының қызметтегі әр қадамын сипаттап тұрғандай. Расында, тұңғиығына дейін тұнық көрінген судан ажал құшатындар мен қарманып барып, таласып-талып қалыпты өміріне қайта оралатындар бар, алайда, мыңдаған тереңдіктен қайтадан су бетіне шығуға сүңгуірлердің көмегі керек екені сөзсіз.

Ауыздығымен ала сұрған аттай , буырқанған теңіздерді кешіп өтіп жүрген Қасан Асылбекұлы «мамандығым қауіпті һәм қызық» , дейді.

 «Менің мамандығымда эмоцияға орын жоқ, салқын оймен жұмыс істеу керек. Төтенше жағдайларда бейтаныс адамның өмірін сақтап қалу үшін құтқарушы тез арада дұрыс шешім қабылдауы маңызды. Бұл ретте өз өміріңізге де абай болу керек »,-деп сөзін сабақтады кейіпкер.

Сырт көзге тым мінсіз, сүңгуірдің қызметтік киімі көрген көзді арбайтыны, бар жанарды жаулайтыны тағы бар. Бірақ,  сұлбасы сұлу болғанымен, қызметтегі қауіп пен қатер шаш –етектен.

Қауіп пен қатерге толы бұл мамандық шымыр болуды ғана емес, психологиялық тұрғыдан болаттай берік, қатал,  тіпті батырға тән қасиетті талап етеді. Суға батып бара жатқан жанды қас-қағым сәтте, санаулы секундтарда құтқарып қалу, суға кеткен адамды түбі көрінбейтін бірнеше метрлік тереңдіктен іздеу, бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңіп, денені тауып, алып шығу – бұл екінің бірі, егіздің сыңары батылы жетіп атқара бермейтін іс.

Сүңгуірлер, су астына түспес бұрын, әдетте, арнайы киімнен бөлек, арқасына оттегі толтырылған баллон байлайды. Тереңдікке кедергісіз бойлау үшін ондаған келі тартатын темірлерді де беліне тағуы тиіс. Қысқасы, Қасан Қасенов іздестіру жұмыстарына кіріскен кезде   өз салмағынан бөлек 30 келі жүкпен суға сүңгиді.

«Ауыр сүңгуір жабдықтарын киген құтқарушы суда зардап шеккендерді құтқару және суға батқан адамдарды іздеу үшін суық суға түседі. Жоғалғанды ұзақ және қауіпті іздеу жұмыстары жүргізіледі. Өйткені, терең судың астында әр басқан қадамың қауіп төндіруі мүмкін. Ал кез келген экстремалды жағдайда тек өзіңе ғана сену керек. Сүңгуір-құтқарушылардың жұмысындағы негізгі қиындықтардың бірі - жоғары су қысымының денеге әсері. Үлкен тереңдікке сүңгу кезінде ауыр ауруға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін декомпрессиялық ауру қаупі бар. Осыған байланысты, біз сүңгуірлер декомпрессиялық ережелерді қатаң сақтауымыз керек, сүңгудің алдында және суға түскеннен кейін арнайы процедураларды орындауымыз керек, су астында ауыр заттарды көтеріп, жылжыта білуіміз керек, сондай-ақ қиын ағыстар мен күшті толқындар жағдайында, сондай-ақ көру қабілеті төмен жерлерде жұмыс істей білуіміз қажет. Құтқарушы-сүңгуірге су астында сүрінуге болмайды», - деді Қасан Асылбекұлы.

Киімнің салмағынан бұрын, жауапкершіліктің жүгін арқалған азамат , елдің алғысына бөленуім мамандығымның мерейін асыруға, қызметіме деген қалтқысыз адалдықты сақтауға негіз деген пікірде.

«Құтқарушы болып жұмыс істеу – менің міндетім. Тұтқиылдан  қауіп төнгенде абдырап қалу, сүңгуірлердің кәсібилігіне үлкен сын. Тәжірибелі маман кез келген сәтте өзінің кәсіби біліктілігін көрсетеді. Соның нәтижесінде адам өмірін сақтап қалуға болады. Құтқарушы-сүңгуір - ең сауапты мамандықтардың бірі. Құтқарушылар үшін ең жақсы марапат – құтқарылған адамдар мен олардың жақындарының алғысы»,-деді Қасан Асылбекұлы.

 

Ол өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп, алған білімін күнделікті жұмысында ұтымды пайдалана  біледі. Көпшіл, бауырмал Қасан мырза әріптестерінің арасында үлкен сыйға ие. Бүгінгінің көзсіз батырының бар болмысы осындай.

 

Пікірлер